Еуропалық Одақ пен Украина Люксембургте өткен үкіметаралық конференция барысында ЕО-ға қосылу жөніндегі ресми келіссөздерді бастады. Бұл туралы Еуропалық кеңестің төрағасы Антонио Коста мәлімдеп, бұл қадам Украинаның ЕО-ға интеграция жолындағы маңызды тарихи кезең екенін атап өтті.
ТАСС агенттігінің хабарлауынша, келіссөздердің басталуы Киев пен Брюссель арасындағы саяси және құқықтық жақындасудың жаңа кезеңін білдіреді. Алғашқы кезеңде негізгі бағыттар ретінде сот төрелігі жүйесін реформалау, бостандық пен қауіпсіздік мәселелері, адам құқықтары мен іргелі бостандықтарды қорғау, мемлекеттік қаржыны бақылау, мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіру және статистикалық деректерді үйлестіру қарастырылды. Бұл салалар бойынша Украина өз заңнамасын Еуропалық Одақ стандарттарына сәйкестендіруі тиіс.
Еурокомиссия бұған дейін Киевтің реформалар жолында белгілі бір прогреске қол жеткізгенін, алайда толық сәйкестендіру үшін әлі де бірқатар маңызды өзгерістер қажет екенін атап өткен. Сарапшылардың пікірінше, келіссөздердің ресми түрде басталуы – мүшелікке автоматты түрде жол ашпайды, бұл ұзақ әрі күрделі процесс болып саналады.
Бұған дейін кейбір еуропалық дереккөздер Украина реформаларының толық көлемде аяқталмағанын, сондықтан келіссөздердің басталуы көбіне саяси шешім сипатында екенін айтқан болатын. Дегенмен ЕО басшылығы бұл қадамды Еуроодақтың кеңею саясаты мен Украинаға қолдау көрсетудің маңызды бөлігі ретінде бағалап отыр.
Украинаның ЕО-ға қосылу процесі 2024 жылдан бері ресми күн тәртібінде қарастырылып келеді. Алайда нақты мүшелікке өту мерзімі әлі белгіленген жоқ және келіссөздер бірнеше жылға созылуы мүмкін.