Халықтың экологиялық мәдениеті ел басшылығы мен министрлікті алаңдатады – Мырзағалиев

17 Тамыз 2020, 16:44
3032
Бөлісу:
Халықтың экологиялық мәдениеті ел басшылығы мен министрлікті алаңдатады – Мырзағалиев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев экобілімге қатысты онлайн конференцияда айтты.

Мемлекет басшысының бұл бастамасы қоғамда кеңінен қолдау тауып жатыр. Әлеуметтік желілерде, халық болып, елдің түкпір-түкпірінен бастамаға қолдау көрсетіп, ұсыныс айтып, өз азаматтық позициясын білдіріп жатқан барлық тұрғынға алғыс айтамын. Білім және ғылым министрлігімен біздің сарапшылар бірлесе жұмысты бастап кетті, - деді Мағзұм Мырзағалиев.

Сондай-ақ, министр осы шараға белсенді түрде атсалысып жатқан Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне, халықаралық ұйымдардың сарапшыларына, ғалымдарға, өңірдегі ұстаздарға, Қоғамдық сенім ұлттық кеңесінің мүшелеріне, белсенді экологтарға да алғыс айтты. 

Ұрпақтың экологиялық білімі мектептегі тиісті пәнмен ғана шектелмеуі керек. Бұл бүкіл қоғамның, барлық мүдделі мемлекеттік органның, сондай-ақ мұғалімдердің, сарапшылардың және ең бірінші ата-аналардың жан-жақты жұмысы болуы керек. Өйткені білім отбасынан басталады. Қазақстанның экологиялық мәселелері, оның ішінде атмосфералық ауаның сапасы, жерүсті суларының және топырақтың ластануы, тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеудің төмен деңгейі бәріне белгілі. Бір аптаның ішінде министрліктің сенім телефонына республика бойынша полигондардан жүздеген қоңыраулар түседі, - дейді министр.

Мағзұм Мырзағалиев халықтың экологиялық мәдениеті ел басшылығы мен министрлікті алаңдататынын жеткізді. 

Ақтаудағы итбалықтарды ұру, Көбейтұз көлінің ластануы және үй жануарларына қатыгездікпен қарау алаңдаушылықты туғызып отыр. Сондықтан қазақстандықтардың жас кезінен бастап экологиялық мәдениетін арттыру, оларға экологиялық білім беру қазіргі таңда өте өзекті. Біз балаларды жауапкершілікке, адамгершілікке және қоршаған ортаны құрметтеуге үйретуіміз керек, - деді ол.

Экология, геология және табиғи ресустар министрлігі Білім және ғылым министрлігіне өз тарапынан барлық қолдау, көмек көрсетуге әзір. 

Экология негіздерін оқыту қызықты, интерактивті болуы керек. Осы ретте біз балалар үшін ұлттық саябақтарда, эколагерьлерде экскурсия ұйымдастыруға дайынбыз. Бұл шараның барлығы экология тұрғысынан халықтың мінез-құлық моделін жақсартуға мүмкіндік береді, - деп айтты Мағзұм Мырзағалиев.

Естеріңізге сала кетейік, президент Қасым-Жомарт Тоқаев 10 шілдеде ел Үкіметінің кеңейтілген отырысында білім және ғылым министрлігіне экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп, мектептерде экологиялық білім беру пәнін енгізуді тапсырды.

Өзгелердің жаңалығы