Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бұдан былай халықтың кейбір санаттары "Еңбек" бағдарламасы арқылы берілетін грантты арнайы оқу курстарынан өтпей алатын болды.
Бұдан былай балалы, әлеуметтік жағынан аз қамтылған жанұялар, жұмыс күші басым өңірлерден көшіп келгендер мен мен оралмандар "Еңбек" бағдарламасы арқылы табысталатын 200 АЕК көлеміндегі гранттық қаржыны оқу курстарынан өтпей-ақ ала алатын болды.
Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың "Еңбек" бағдарламасы аясындағы 200 АЕК көлеміндегі гранттық қаржыны беруді анықтайтын комиссия отырысы облыс орталығында өтті. Алдағы уақытта "Бастау Бизнес" бағдарламасы бойынша оқыту курстары бастау алып, бірнеше айдан кейін оның тыңдаушылары "Бизнестің жол картасы-2025" бағдарламасы бойынша табысталатын 2-ден 5 миллион теңгеге дейінгі мөлшердегі гранттарды алуға үміткер болуы мүмкін.
Бұл жолы 200 АЕК көлеміндегі гранттық қаржыны алуға көпбалалы жанұялар, жұмыссыздар, мүгедектер мен 12 айдан кем емес мерзім жұмыс істеген бизнес нысандарының 25 өкілі қатысты. Олардың жартысының жобасы грант алуда қолдау тауып, қалғаны комиссия отырысының келесі отырысында қаралуы үшін толықтыруға жіберілді.
2020 жылдан бастап "Еңбек" бағдарламасына бірқатар өзгерістер енгізілді. Атап айтсақ, үміткерлердің жас мөлшерлеріне деген шектеу алынып тасталды. Енді NEET санатындағы жастар жеке-дара көрсетілмеген. Бұдан былай олардың барлығы жұмыссыздар қатарына кіреді. Сондай-ақ биылдан бастап комиссиялар жергілікті жерлерде, яғни аудан, қалалардың өздерінде құрылады. Сол себепті Өскемен қаласындағы жұмыспен қамту орталығында тек бас шаһардың үміткерлері, оның ішінде бағдарламаның бірінші бағыты бойынша қысқа мерзімді курстарды және "Бастау" бизнес курсы бойынша оқудан өткендер ғана тыңдалды. Ережедегі тағы бір елеулі өзгеріс – көпбалалы, азқамтылған отбасылар, жұмыс күші басым өңірлерден көшіп келгендер мен оралмандардың конкурсқа оқудан өтпей-ақ қатыса алуға мүмкіндік алуы, - деп хабарлады өңірлік Кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлікті қаржылай емес қолдау бөлімінің бастығы Айгүл Шәкірова.
Кәсіпкерлер палатасы өкілі әлеуметтік жағынан азқамтылған азаматтарға курсты тәмамдағаны туралы сертификаттың қажеті болмаса да, олардың "Бастау Бизнес" бойынша оқып алғаны жөн екенін айтады. Өйткені, бұл өз кезегінде үміткердің бизнесін одан әрі кеңейтуде мемлекеттік қолдау шараларына қатысуға мүмкіндік береді. Атап айтсақ, мұндай сертификат "Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2025" бағдарламасы бойынша 2-ден 5 млн теңгеге дейінгі грант алуға септігін тигізеді.
Қоса кетсек, "Еңбек" бағдарламасы бойынша гранттар құрылғылар, құралдар, керек-жарақ заттар алуға, ауылшаруашылығы саласындағы жобаларды іске асыруға беріледі. Сонымен қатар 2020 жылдан бастап оның бірқатар бөлігімен үй-жайларды жалға алу ақысын төлеуге де мүмкіндік берілді. Гранттың ең жоғарғы мөлшерлі шегі 555 600 теңгені құрайды.