Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. "Kazakh Tourism" ҰК АҚ Іс-шаралар маркетингі департаментінің директоры Даниел Сержанұлы "Желмая" жобасына берген сұхбатында ішкі туризмнің неліктен дамымай жатқанын, халық Көбейтұзды не себепті бүлдіргенін атап өтті.
Маманның айтуынша, биыл ішкі туризм сұраныс жағынан рекордтық көрсеткішке жеткен. Алайда, карантин шараларына байланысты жылдың бірінші тоқсанында туризм пайда таба алмаған.
Өткен жылғымен салыстырғанда 50 пайызға дейінгі ағынды жоғалтып алдық. Демалыс орындарындағы сыйымдылық былтырғыдан асып түскен жоқ, оған қоса санитарлық дәрігерлердің қаулысына байланысты келушілер санын 50 пайыздан асыруға болмайды. Осының бәрі ішкі туризмге кедергі болды, - дейді ол.
Сонымен қатар, ол Нұр-Сұлтан қаласы маңындағы Көбейтұздың неліктен ту-талақайы шыққанын түсіндірді.
Туристік аймақты өз бетінше насихаттауға болмайды. Оны Көбейтузда көрдік. Бір блогер барып жазды, екіншісі жазды. Кейін халық барамыз деді. Екі айдың ішінде көлдің ту-талақайын шығарды. Ең алдымен, жоспар болуы керек. Жергілікті халықтың, жергілікті басқарушы органдардың қызығушылығы болуы керек. Соған адамдарды тарту үшін жол салып, ыңғай жасау керек. Ертең туристік компаниялар бұл жерге келгенде туристік ағымдарды реттейді. Ал реттелмеген, ұйымдастырылмаған туризмнің пайдасы болмайды, - дейді Даниел Сержанұлы.
Сөз арасында ол азаматтардың еліміздегі көрікті мекендерді неліктен бұрын естіп, білмегенін түсіндірді.
Бұған дейін еліміздің көрікті жерлері туралы айтылмады. Оны бала кезден естіп, оқып өссе, халық білетін еді. Қазір туризм орындарын оқу бағдарламасына енгізу қолға алынып жатыр. Бізде 2017 жылдан бері ғана ішкі туризм жайлы көптеп айтыла бастады. Қазір мемлекеттік бағдарламамен туризмнің топ-10 бағыты белгіленген. Бұның ішінде ең көп шоғырланған туристік нысандар Алматы облысында. Онда бес ұлттық парк бар. Шарын шатқалы, Көлсай, Алтын-Емел, Іле-Алатауы, Алакөл, Есік көлі, Шонжы, Тамғалы тас - бәрі сонда. Ол жақтағы туристік әлеует ең жоғарғы, - дейді ол.