ҚХА. 4-курс студенті «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды

14 Желтоқсан 2020, 21:21
2746
Бөлісу:
ҚХА. 4-курс студенті «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды
Фото: Артём Чурсинов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасының мемлекеттік және Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық наградаларымен салтанатты марапаттау рәсімі өтті.

Іс-шараға ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ж.Қ.Түймебаев, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, қоғам қайраткерлері, БАҚ өкілдері қатысты.

ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі  Жансейіт Түймебаев марапатталушыларды Тәуелсіздік күнімен құттықтап, қоғамда өзара татулықты сақтауға, халықтар арасында бейбiтшiлiктi, достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.  Сондай-ақ олардың экономиканы, әлеуметтік саланы, ғылым мен мәдениетті, білім беру ісін дамытуға сіңірген еңбектерін атап өтіп, мемлекеттік органдарда және қоғамдық қызметте алдағы уақытта да белсенділік танытуға шақырды.

Мемлекеттік тілді дәріптеп, ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру шараларын өңірлерде қолға алу қажеттігін еске салды.

Нақтылай кетсек, Президент Жарлығымен  жоғары марапатқа ие болғандардың басым бөлігі – Қазақстан халқы Ассамблеясының жақында өткен кеңейтілген отырысында қазақ тілінде сөз сөйлеген этнос өкілдері. Атап айтқанда:

II дәрежелі «Достық» орденімен – Қызылорда облысы әкімі аппаратының жанындағы «Қоғамдық келісім» коммуналды мемлекеттік мекемесінің сарапшысы Крюгер Светлана Владимировна;

«Құрмет» орденімен –  кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтері орталық штабының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Вавилин Вячеслав Дмитриевич; Көкшетау техникалық лицейінің директоры Дементьева Наталья Григорьевна; 

«Ерен еңбегі үшін» медалімен –  «Алматы қаласының өзбек этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Исматуллаев Абдулла Жапарович; Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Құсайынова Ләззат Сейітқазықызы; Тараз қаласының №4 орта мектебінің директоры Нұралиева Динара Хатамқызы; Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының баспасөз менеджері Трегубова Виктория Вячеславовна және Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 4-ші курс студенті Лагуткина Юлия Николаевна және басқалар бар.

Өзгелердің жаңалығы