Алматы, BAQ.KZ. "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы мүмкіндігі шектеулі жандардың да қызмет түрлерін алу қолжетімділігін көтеруге ерекше мән беріп отыр.
Қазақстан Конституциясында өзін әлеуметтік мемлекет деп атап көрсетті. Оның мәні – қоғамның әлеуметтік өмірінің барлық салаларында азаматтардың қажеттіліктері мен мүдделерінің кешенді түрде қамтамасыз етілуі мен қорғалуында. Бұл шарт ерекше қажеттілігі бар адамдарға деген мемлекет қамқорлығынан да көрініс табуы тиіс.ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында "мемлекеттің ерекше қажеттілігі бар адамдарға көпшілікпен бірдей жағдай жасауға міндетті" екенін бөле-жара атап көрсетті.
Яғни, қоғамдық өмірде де, кәсіби қызметте де, мемлекеттік қызметтер алуда да мүгедек жандар жайсыздық сезінбеуі, кедергілерге тап болмауы тиіс.
Барлық фронт-офистерге келетін мүгедектігі бар жандар көліктерін қоятын автотұрақ, арбадағы мүгедектер үшін пандустар, шақыру нүктелері, көтеру лифті, көзі нашар көретіндерге арналған тактильді жолдар, Брайль мәтініндегі ақпараттық тақташалар орнатылған. Әрбір фронт-офисте мүгедектерге қызмет көрсететін арнайы терезелер жұмыс істейді. Құлағы нашар еститін немесе саңырау жандарға арнайы курстардан өткен сурдоаудармашы маман ымдау-ишара тілімен қызмет көрсетеді, - дейді Алматы филиал директоры Данияр Қырықбаев.Арбаға таңылған мүгедек Алқанов Дәурен Асылбекұлы Алатау аудандық фронт-офистің тұрақты қызмет алушысы. Ол мұнда келген сайын көпшілікпен бірдей, еш кедергісіз қызмет алатынын айтады.
Мүгедектер үшін көптеген қызметті он-лайн режимде алу қарастырылған. Мәселен, азамат мүгедектік тобын анықтау үшін комиссиядан өткенде, басқа еш жерге жүгінудің қажеті жоқ. Оның құжаттары он-лайн режимде мемлекеттік корпорацияға беріліп, осында барлық жәрдемақылар мен төлемдер түрі белгіленіп, оның төленуі ұйымдастырылады.
Сондай-ақ, "Азаматтарға арналған үкіметтің" мамандары 1 және 2 топтағы мүгедектерге, 70 жастан асқан қарт адамдарға, ҰОС қатысушыларына және мүмкіндігі шектеулі балалардың үйіне барып қызмет көрсетеді.
Жыл басынан бері біздің мамандар /1737 үй/ үйлерге барып 2 мыңға жуық қызмет көрсетті. Ең көп талап етілетін қызметтер - паспорттар мен жеке куәліктер беру. Мүгедектерді сурдо-тифлотехникалық және міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз ету, протездік-ортопедиялық көмек ұсыну үшін оларға құжаттарды ресімдеу және т. б. қызметтер де сұранысқа ие, - дейді директор."Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясында әр түрлі қызметтерде 807, Алматы филиалында 67 мүмкіндігі шектеулі жан жұмыс істейтінін айта кеткеніміз жөн.