Бүгін елімізге 300-ге жуық шетелдік компания келіп отыр. Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Форумға пандемиядан болып елімізге келе алмай жүрген шетелдік компаниялардың бәрі келді. Қазіргі таңда форумға 300-ге жуық компания қатысып отыр. Олар әртүрлі салаларды қамтитын компаниялар. Жиынның негізгі тақырыбы ауыл шаруашығы мен логистика саласын қамтымақ. Себебі, соңғы жылдарда болған пандемия мен әлемдегі геосаяси жағдайға байланысты континетімізде көптеген өзгерістер болуда. Оның ішінде логистика да біршама өзгерді. Осы орайда бүгінгі форумда жаңа компанияларға Қазақстанды таныстырамыз, - деді Алмас Айдаров.
СІМ өкілінің айтуынша, Kazakhstan Global Investment Roundtable аясында 25 құжатқа қол қойылады.
Инвестиция құны 1 млрд долларға жақындады. Олар медицина саласы бойынша Ақтөбеде ядролық медицина орталығы, Каспий теңізінің шығыс жағалауында орналасқан Құрық порты кеңейту жобасы және Қазақстандағы литий кен орынына қатысты және т.б келісім құжаттарына қол қояды. Жалпы, ауыл шаруашылығы саласынан көптеген жаңа жобалар бар, соның бірі «Алматы жемістері» жобасы, - деп атап өтті спикер.
Айдаровтың сөзінше, Каспийдегі Құрық портын кеңейтуге «Adani» компаниясы инвестиция салуға ниетті. Компания Үнді еліндегі логистикалық нарықтың 30 пайызын алып отыр.
Құрық порты бойынша Үнді елінің Adani компаниясы инвестициялық келісімге келмекші. Оның иесі – қазір Forbes рейтингіндегі үшінші адам. Олар елімізге жаңадан еніп отыр, меморандумға қол қояды. Ал кейбір жобалар 12 жылдың көлемінде іске асырылып жатыр. Олар бойынша да келісімдер жасалады. Сатып алу келісімдері де бар, - деді Алмас Айдаров.