Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Біз, мәдениет саласының қызметкерлері де өз кезегімізде онлайн болса да ел тұрғындарын сабырға шақырып, сондай-ақ, әлеуметтік желілер арқылы қойылымдарымызды көрсетудеміз дейді Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Гүлжамал Қазақбаева.
Халқымызда бабалардан келе жатқан "Ел басына күн туса, ер етікпен су кешер" деген даналық сөз бар. Осы бір мақал дәл осындай дүниені кезген індеттің салдары біздің елімізді ғана емес, бүкіл әлемді алаңдатқан шақта айтылса керек. Салмағы ауыр сөз. Ерлерімізді етігімен су кештіруге жазбасын деп тілеген халықпыз. Жағдай қиын болса, жұртшылық қиын-қыстау шаққа тап келсе, шығатын амалды тауып, бүтін бір елді сақтап, қорғап қалудың жолында ерлер жүрмегенде қайтпек?.. Ойламаған жерден, тіпті, тұтқиылдан десе де болғандай, жер жүзі үшінші дүниежүзілік соғысқа теліп жатқан бұл сұрапыл індет – Covid-19 пандемиясы бүгінде бүкіл әлемнің жүздеген еліне жайлады. Әр ғасырларда індеттің түрі кездескен. Бірақ, ол замандарда ел дамымаған, бәлкім, тазалықтың жоқтығынан дерміз де... бірақ, бүгінгідей тамақтың тоқтығы мен өркениеттің шарықтап дамып кеткен кезеңінде де аты жаман індеттің осы бір түрі адамзат баласына ауыз салып отыр, - дейді ол.
Бірлесіп, тәртіпке бағынып, бір алақанның аясында жұмыла, жымдаса білсек, алмайтын қамалымыз болмайды дейді ол.
Еліміз егемендік алып, тәуелсіздікке қол жеткізіп, мемлекет ретінде тұғырлы орыннан көрініп, әлемнің ең озық өркениетке қол жеткізген, дамыған елдер қатарынан бой көрсетті. Біздің мемлекетімізбен бүкіл батыс, шығыс елдері санасатын деңгейге жеттік. Мәдениетіміз бен әдебиетіміз, экономика мен елдің әлеуеті айтарлықтай алға озды. Күн санап қызу да қарқынды шаруаларымызды жұмыстап, жарқын күй кешіп жаттық. Бәрі де тамаша! Тек, тек... Біз, мәдениет саласының қызметкерлері де өз кезегімізде онлайн болса да ел тұрғындарын сабырға шақырып, сондай-ақ, әлеуметтік желілер арқылы қойылымдарымызды көрсетіп, онлайн-сұхбаттар жасап, қам-қарекетімізді жасаудамыз. Бірлесе білсек, елім деген ерлеріміздің ісіне қолдау танытып, тәртіпке бағынып, бір алақанның аясында жұмыла, жымдаса білсек, алмайтын қамалымыз болмайды, кез келген індетті жоюға қауқарымыз жетеді деген ойдамыз, - деді Гүлжамал Қазақбаева.