Кеше Маңғыстауда түлектер кортежіне қатысқан 100-ден аса автокөлік айыптұраққа жабылды

26 Мамыр 2024, 08:06
8404
Бөлісу:
Кеше Маңғыстауда түлектер кортежіне қатысқан 100-ден аса автокөлік айыптұраққа жабылды
Фото: скрин

Бүгін Маңғыстау облысында соңғы қоңырау салтанатынан кейін кортеж жасаған 104 көлік құралы айыптұраққа жабылып, авто иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды BAQ.KZ полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Түлектер отырған кортеж полиция қызметкерлері мен өзге де құқық қорғау органдары өкілдерінің ескертулерін елемей, түрлі құқық бұзушылық жасаған. Жасалған құқық бұзушылықтардың басым бөлігі - ҚР мiндеттi сақтандыру туралы заңнамасын бұзу, жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздік белдіктерін тақпауы, көлікті мемлекеттік нөмірсіз басқару, алдыңғы және бүйір терезелерді қараңғылау болды.

Маңғыстау облысы полиция департаментінің 463 қызметкері мен 103 патрульдік жасақтары соңғы қоңырау күнінде қоғамдық тәртіп пен жол қозғалысын қадағалау, құқық бұзушылықтар мен қылмысты болдырмау бағытындағы іс-шараға жұмылдырылған. Тәртіп сақшылары күшейтілген режимде жұмыс істеп, жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында профилактикалық және рейдтік іс-шаралар өткізді.

Маңғыстау облысы полиция департаменті жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады! Аз ғана уақыттық қызығушылықтың салдары қайғылы жағдайларға әкеп соғуы мүмкін. Сақ болыңыздар! Сонымен қатар, түнгі уақытта тыныштықты бұзу деректері анықталған жағдайда «102» арнасына хабарлау сұралады!, - делінген ПД хабарламасында.

Өзгелердің жаңалығы