- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Кеш үйлену, мансап немесе бедеулік: Қазақстанда бала туу неге азайды?
Кеш үйлену, мансап немесе бедеулік: Қазақстанда бала туу неге азайды?
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, елде 74 067 бала дүниеге келді. Бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 4,2%-ға аз.
-
Айым Серікбайқызы
BAQ.KZ ақпарат агенттігінің аға шығарушы редакторы
28 Шілде 2026, 17:00
Денсаулық сақтау министрлігі мен сарапшылар BAQ.KZ тілшісіне жас отбасылар неліктен балалы болуды кейінге қалдыратынын және бұл үрдісте экономика, өмір сүру салтының өзгеруі мен репродуктивті денсаулықтың қандай рөл атқаратынын түсіндіріп берді.
Тек экономика емес
Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі бала туу көрсеткішінің төмендеуін тек бір себеппен түсіндіруге болмайтынын атап өтті. Бұл көрсеткішке демографиялық және әлеуметтік-экономикалық өзгерістер, сондай-ақ бүгінгі жастардың отбасын құруға және бала жоспарлауға қалай қарайтыны бірдей әсер етеді.
Қазақстан репродуктивті медицина ассоциациясының президенті, ҚР ҰҒА академигі Вячеслав Локшин де бала туудың төмендеуін тек материалдық қиындықтармен байланыстыру дұрыс емес деп есептейді.
«Бала туу көрсеткішінің төмендеуі әлемнің көптеген елінде, соның ішінде экономикалық дамыған мемлекеттерде де байқалады. Сондықтан оған тек табыс деңгейі себеп болып отыр деуге болмайды. Өмір сүру деңгейі жоғарылаған сайын адамдардың білім алуға, мансап қууға, саяхаттауға және қаржылық тәуелсіздікке қол жеткізуге мүмкіндіктері де көбейеді», – деді маман.
Оның айтуынша, отбасын құру жолында көзқарастың өзі өзгеруде. Жастар кейінірек некеге тұрады, бірінші баланың тууын кейінге қалдырады немесе бір баламен шектелуді жөн көреді. Бұл ретте Қазақстанда өңірлік айырмашылықтар сақталуда: көпбалалы отбасылар елдің оңтүстігінде жиі кездессе, солтүстік өңірлерде бала туу деңгейі төменірек.
Қазақстандықтар қашан ана атанады?
Ведомство берген мәліметке сәйкес, алғаш рет ана атанған әйелдердің орташа жасы шамамен 25 жасты құрайды. Соңғы жылдары бұл көрсеткіш салыстырмалы түрде тұрақты болып отыр.
Сонымен қатар, жас отбасылар балалы болу мәселесіне саналы түрде келетін болған. Көбісі алдымен білім алуға, мансап жолын қалыптастыруға, қаржылық қорын жинауға немесе баспана мәселесін шешуге ұмтылады. Кейбір жұбайлар ресми некеге де кеш отырады.
Ведомство деректері бойынша, мұндай өзгерістер тек Қазақстанға емес, басқа да көптеген елдерге тән.
Сарапшы ана болуды кейінге қалдыру репродуктивті денсаулыққа әсер етуі мүмкін екеніне назар аударады.
«Еуропа елдерінде әйелдер кешірек тұрмысқа шыға бастады, орташа жас 35-ке жақындап қалды. Жасы ұлғайған сайын бедеулік жиілігі артады.Содан кейін қосымша репродуктивті технологияларға деген қажеттілік туындайды», – деп атап өтті Вячеслав Локшин.
Әрбір алтыншы жұп қиындыққа тап болады
Бала тууға әсер ететін тағы бір фактор – халықтың репродуктивті денсаулығының жағдайы.
Денсаулық сақтау министрлігі соңғы бес жылда әйелдер арасындағы бедеуліктің анықталған жағдайлары көбейгенін хабарлады. Дегенмен, ведомство бұл динамиканы тек денсаулықтың нашарлауымен емес, сонымен бірге диагностиканың дамуымен, профилактикалық тексерулер мен диспансерлік бақылаудың кеңеюімен байланыстырады.
Тексерулердің арқасында репродуктивті жүйенің бұзылыстары ерте кезеңдерде жиі анықталып, емдеуді өз уақытында бастауға мүмкіндік береді.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бедеулік жағдайларының шамамен 20%-ы ерлер факторына байланысты.
«Шамамен әрбір алтыншы неке бала сүю мәселесінде қиындықтарға тап болады. Бұл ретте тексеруден тек әйел емес, ер адам да өтуі қажет. Бүгінгі таңда ерлер факторы бедеуліктің ең кең тараған себептерінің бірі болып табылады», – деп түсіндірді Локшин.
Жиі кездесетін себептердің арасында маман қабыну ауруларын, эндометриозды, эндокриндік жүйе жұмысының бұзылуын, аналық бездердің поликистозы синдромын және ерлердегі варикоцелені атады. Кейде мәселе екі серіктесте де бірдей анықталып жатады.
Өмір сүру салтының да маңызы зор
Бала сүю қабілетіне тек жас мөлшері немесе аурулардың болуы емес, күнделікті әдеттер де әсер етеді.
Вячеслав Локшиннің айтуынша, негізгі қауіп факторларының бірі – артық салмақ. Ол әйелдерде де, ерлерде де фертильдікті төмендетуі мүмкін.
Сондай-ақ темекі шегу, алкогольді пайдалану, жеткіліксіз дене белсенділігі, дұрыс тамақтанбау, созылмалы стресс, эмоционалды шамадан тыс жүктемелер мен ұйқының қанбауы кері әсерін тигізеді.
«Өмір сүру салты репродуктивті денсаулыққа өте қатты әсер етеді. Бірінші орынға мен семиздік пен артық дене салмағын қояр едім. Одан кейін темекі шегу, алкоголь, дене белсенділігінің жоқтығы және эмоционалды шамадан тыс жүктемелер тұр», – деп атап өтті сарапшы.
Мемлекет отбасыларды қалай қолдайды?
Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, басты бағыттардың бірі – бедеулікке тап болған отбасыларға көмек көрсету.
2021 жылдан бастап Қазақстанда «Аңсаған сәби» бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Ол іске қосылғаннан кейін ЭКО жүргізуге бөлінетін квоталар саны жеті есеге артты. 2021 жылдан 2024 жылға дейін 28 мыңнан астам отбасы мемлекеттік қолдауға ие болып, бағдарламаның арқасында 11 мыңға жуық бала дүниеге келді.
Вячеслав Локшин Қазақстандағы репродуктивті технологиялар халықаралық деңгейге сай екенін атап өтті.
«Қазақстандағы репродуктивті медицина ең жоғары халықаралық стандарттарға толық сәйкес келеді. Елімізге медициналық көмек алу үшін шетелдік пациенттер келеді. Қазақстанда барлық заманауи емдеу әдістері қолданылатын, даму деңгейі жоғары бірнеше жетекші клиникалар жұмыс істейді», – деді ол.
Бұдан бөлек, 2025 жылдан бастап елімізде «Аналар саулығы» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Ол ауруларды ерте анықтауға, әйелдерді жүктілікке дайындауға және босану кезіндегі асқынулардың қаупін азайтуға бағытталған.
425 алғашқы медико-санитариялық көмек ұйымы мен 24 облыстық перинаталдық орталық негізінде әйелдер консультациялары мен отбасын жоспарлау орталықтары жұмыс істейді.
Барлық өңірде «Бір күн клиникалары» жұмыс істейді. Онда жүкті әйелдер бір рет келу арқылы ұрықтың ықтимал іштен туа біткен патологияларын ерте анықтау үшін кешенді тексеруден өте алады. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, мұндай диагностикамен 100 мыңнан астам жүкті әйел қамтылып, оларға 500 мыңнан астам медициналық қызмет көрсетілді.
Ведомствода іске асырылып жатқан кешенді шаралар болашақ ата-аналардың денсаулығын сақтауға, отбасыларды қолдауға және балалы болуды жоспарлап отырған әрбір отбасының уақтылы, сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек алуына жағдай жасауға бағытталғанын баса айтты.
Бұған дейін Қазақстанда туу көрсеткіші 4 есе төмендегені, әйелдер ана атануды кейінге шегеретіні белгілі болған еді.
Тағы оқи отырыңыздар:
Суррогат ана болғысы келетіндерге жаңа талап қойылады
Отбасынан басталатын қауіпсіз қоғам: Қазақстанда бала құқығы қалай қорғалып жүр?
Ең оқылған:
- Тоқаевтың Путинге айтқан ұсынысының астарында не жатыр?
- Мұнай бағасының төмендеуі акциялар мен облигацияларды қымбаттатты
- Тоқтар Әубәкіров 80 жаста: Президент тұңғыш ғарышкерді мерейтойымен құттықтады
- Қазақстанда оқушыға да, мұғалімге де сыйақы беріледі: Оны қалай алуға болады?
- Қазақстанда несиенің құны төмендей ме? Базалық мөлшерлемеге қатысты жаңа болжам жарияланды