Алматыда нөсер жаңбыр салдарынан көшеде кептеліс көбейіп, қала тұрғындарының жұмыс орнына жетуі қиындаған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы алматылықтар әлеуметтік желіде жазды.
Алматы Арена жол жабық. Аялдамада адам толып тұрмыз, жаңбыр жауып тұр. Такси Момышұлы метросына дейін 4000 теңге, бірақ адамдарды алмайды. Адамдардың бәрі жаяу кетіп жатыр амалсыздан. Алдын-ала неге ескертпеді? Сабаққа, жұмысқа кешіктік бәріміз. Дүйсенбі таңымыз осылай басталды, - дейді алматылық тұрғын.
Тағы бір тұрғын аялдамада автобус күткен халық көп екенін жазды.
Бүгін Момышұлы көшесімен автобустар жүрмеді, Мөңке би көшесі жақты қазып тастағандықтан екен, автобустар Момышұлының орнына Жаңа Саин көшесімен жүріп жатты. Аялдамаларда халық көп. Бірақ жолдың жабылғаны және автобустардың бағыты өзгергені туралы еш жерде алдын ала хабарланбаған. Неліктен жолаушыларға ескерту жасалмады? Адамдар жұмысқа, оқуға кешігіп жатыр. Осындай жағдайларда халықты алдын ала хабардар ету керек емес пе? Таксидің бағасы 7 000 теңгеден жоғары, - дейді тұрғын.
Бұл жағдайға қатысты Алматы әкімдігі пікір білдірді. Ведомство мәліметінше, Алматы қаласында ЛРТ жобасын іске асыру аясында Момышұлы және Төле би көшелерінің учаскелерінде инженерлік желілерді қайта құру жұмыстары жүргізілген.
Жауын-шашынның мол түсуіне байланысты жекелеген учаскелерде топырақ шөгіп, соның салдарынан көлік қозғалысы қиындады. Қазіргі уақытта мердігер ұйым қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде. Аталған жұмыстар жол негізін нығыздауды және көлік құралдарының қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету мақсатында уақытша шара ретінде фрезерленген асфальтбетонды қолдануды қамтиды. Ауа райы жағдайлары тұрақтанғаннан кейін асфальтбетон жабыны технологиялық талаптарға сәйкес қалпына келтіріледі, - делінген әкімдіктің редакцияға берілген жауабында.