Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағандының полицейлері Орталық мешітінің имамы Өмірзақ Бекқожаға тәртіп сақшыларына көмектесіп, кепілдіктегі қызды құтқаруға атсалысқаны үшін алғыстарын білдірді.
Бұл оқиға үстіміздегі жылдың 17-ші сәуірінде болды. Қарағандының 34 жастағы тұрғыны отбасындағы жанжал кезінде үйден туған-туыстарын қуып шығып, 2 жастағы туған қызын кепілдікке алған. Жаға ұстатарлық оқиғадан кішкентай бүлдіршін зардап шеккен жоқ. Арнайы бөлімнің полицейлері мен мешіт имамы ер адаммен бірнеше сағат бойы түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Осының арқасында қыз баланы кепілдікке алған қылмыскер құрықталып, бала бостандыққа шықты. Төтенше оқиға кезінде кепілдіктегі баланы құтқаруға атсалысқаны үшін Қарағанды қаласының Орталық мешітінің имамы Өмірзақ Бекқожаға облыстық Полиция департаментінің басшылары алғыстарын жеткізіп, оған сыйлық ретінде Қазақстан Республикасы Ішкі Істер министрлігінің белгісі таңбаланған қол сағатты салтанатты түрде тарту етті.
«Төтенше жағдайда жоғары азаматтық позициясын көрсетіп, кепілдіктегі адамды құтқаруда полицейлерге көмектескен мешіт имамы Өмірзақ Қаскенұлы Бекқожаға департамент басшыларының атынан алғысымды жеткіземін», - деді Қарағанды облысы Полиция департаменті басшысының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Ерлан Файзуллин.