Кеншілердің қазасы халқымыздың қабырғасын қайыстырып кетті – Әшімбаев

29 Қазан 2023, 10:11
628
Бөлісу:
Кеншілердің қазасы халқымыздың қабырғасын қайыстырып кетті – Әшімбаев
Фото: архив

Бұл туралы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев әлеуметтік желідегі парақшаларында жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бүгін - елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні. Кеншілердің қазасы тұтас халқымыздың қабырғасын қайыстырып кетті. Апат салдарынан жақындарынан айырылған отбасыларға қайғыра көңіл айтамыз және сабыр тілейміз. Зардап шеккен кеншілердің сауығып, тез арада қатарға қосылуына тілекшіміз, - деді Сенат спикері.

Әшімбаев қазіргі таңда жағдай толық бақылауда екенін айтты. Кеше Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев апаттың мән-жайын анықтап, тиісті шешім қабылдау үшін Қарағанды облысына арнайы барды. Зардап шеккен отбасыларға барлық деңгейде қолдау көрсетіледі.

Тиісті тергеу жұмыстары да жүргізілуде. «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы жақын арада мемлекет меншігіне өтеді. Бұл – еліміздің ең қымбат қазынасы – адам және оның өмірі екенін, сондай-ақ, аталған қағида барлық мүддеден әрдайым жоғары тұратынын көрсететін маңызды қадам. Елімізге және әр шаңыраққа амандық тілейміз. Енді мұндай қайғылы оқиғалар ешқашан қайталанбасын, - деп жазды Мәулен Әшімбаев.

Мемлекет басшысы Жалпыұлттық аза тұту туралы Жарлыққа қол қойды

Бүгін – Жалпыұлттық аза тұту күні. Ұлттық аза тұту күні ел аумағы бойынша мемлекеттік ту төмен түсіріліп, телерадиода ойын-сауық бағдарламалар мен жарнама беру тоқтатылады. 

28 қазанда сағат 02:33-те Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада апат болды. Соңғы мәліметтерге сәйкес, 35 кеншінің денесі табылды. Қалған 11 адам әлі іздестіріліп жатыр. 

Өзгелердің жаңалығы