Қазақстан кеншілері Назарбаевқа: Біз әрқашан Сізге және елімізге адал болдық

27 Тамыз 2019, 13:48
1893
Бөлісу:
Қазақстан кеншілері Назарбаевқа: Біз әрқашан Сізге және елімізге адал болдық

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды кеншілері Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне кәсіби мерекемен құттықтауы және тау-кен саласын дамытуға ерекше көңіл бөлгені үшін алғыс білдірді.

«Аса қадірлі Елбасы!

Кәсіби мерекемізбен құттықтаған жылы лебізіңіз үшін шын жүректен алғыс білдіреміз.

Сіздің егемен еліміздің тау-кен саласын дамытуға әрқашан ерекше көңіл бөлетініңіз қуантады.

Қазақстанның барлық кеншілері халықтың әл-ауқатын арттыруға және өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған игі бастамаларыңызды толық қолдайды. Біз, еңбек адамдары, әрқашан Көшбасшымыз – Сіз үшін және Отанымыз – Қазақстан үшін қорған боламыз.

Біз Сіздің салиқалы басшылығыңыздың арқасында еліміздің тәуелсіздік жылдары қол жеткізген жетістіктерін бағалаймыз. Қазақстанда барлық жағдай жасалған: жолдарымыз жақсы, жастарға тұрғын үй салынуда, балаларымыз еліміздің және дүниежүзінің ең жақсы оқу орындарында білім алу мүмкіндігіне ие, медицина дамып келеді. Ең бастысы, адамдарға жұмыс істеуге және табыс табуға мүмкіндік мол.

Қиын-қыстау кезеңдерге қарамастан, біз әрқашанда Сізге және елімізге адал болдық. Дәл Сіздің, Нұрсұлтан Әбішұлы, Қазақстанды ғаламат биіктерге жетелейтініңізге кәміл сендік. Бүгін Сіздің өлшеусіз еңбегіңізге шексіз ризамыз.

Сіз біздің Көшбасшымыз, біздің – Елбасымызсыз!  Туған жеріміздегі бейбіт аспан мен тұрақтылықтың игілігі үшін біз әрдайым Сіздің артыңыздан ере беретін боламыз!», - делінген жеделхатта.

Өзгелердің жаңалығы