Кенияның Сыртқы және диаспора істері министрлігі мен Кения ұлттық сауда-өнеркәсіп палатасының қолдауымен Қазақстан Елшілігі ұйымдастырған семинарға қатысушылар Қазақстан мен Кения арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытудың қазіргі жай-күйі мен перспективаларын талқылады.
Іс-шараға СІМ, Мәдениет министрлігі, Сауда-өнеркәсіп палатасының мүшелері, сондай-ақ ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы, туризм, тау-кен өнеркәсібі, жеңіл өнеркәсіп, мұнай химиясы және т.б. салалардағы ірі, орта және шағын бизнес өкілдері, кениялық жеке сектор қауымдастығының өкілдері қатысты.
Қазақстанның Кениядағы Елшісі Барлыбай Садықов (қоса атқарушы) кениялық компанияларды еліміздің сыртқы және ішкі саясаты, әлеуметтік-экономикалық бағытымен таныстырып, Қазақстандағы іскери ахуал, сондай-ақ инвестициялық мүмкіндіктер туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
Кения компаниялары Қазақстанмен жыл сайын тауар айналымы 40-50 млн АҚШ долларын құрайтын өзара сауда-саттықты талдауға және экспорттық және импорттық тауарлар номенклатурасын ұлғайту мүмкіндігіне ерекше қызығушылық танытты. Қызу пікір алмасу барысында кениялық компаниялар қазақстандық делегацияны шай және гүл плантацияларына, көкөніс пен тропикалық жеміс-жидек өсіруге арналған бау-бақша кәсіпорындарына, тоқыма фабрикаларына және басқа да салаларға баруға шақырды.
Кения сауда-өнеркәсіп палатасының бас атқарушы директоры Патрик Ньянгвево өз сөзінде Кения компанияларының назарын Қазақстанмен бизнес жүргізудің артықшылықтарына аударды, сондай-ақ елімізбен сауданы кеңейту үшін экономиканың басым секторларын айқындады.
Семинар қорытындысы бойынша кениялық компаниялар ЕАЭО және Орталық Азия елдеріне шығу мүмкіндігімен Қазақстанға шай, кофе, гүлдер, өсімдіктер, экзотикалық жемістер, тоқыма және басқа да тауарлардың Кениялық экспортын ұлғайтуға, сондай-ақ қазақстандық азық-түлік, өнеркәсіп тауарларын, ауыл шаруашылығы өнімдерін Кенияға импорттауға қызығушылық танытты. Кениялық компаниялар Қазақстанға бизнес-миссия ұйымдастыруды ұсынды, сондай-ақ қазақстандық компанияларды Кенияға келуге шақырды.
Сонымен қатар, қазақстандық тауарларды жеткізу және сақтау логистикасын құру мәселелері Қазақстан Елшісі Б. Садықовтың Кения порттары Әкімшілігінің Найробидегі кеңсесіне баруы барысында талқыланды. Кенияның контейнерлік терминалдар бөлімінің басшысы Елшіні Кенияның құрғақ порттарының инфрақұрылымдық мүмкіндіктерімен, Момбаса мен Ламу теңіз порттарының функционалдық ерекшеліктерімен және одан әрі даму перспективаларымен таныстырды.
Кения – Шығыс Африканың теңіз қақпасы. Кенияға жеткізілетін тауарлар теңізге тікелей шыға алмайтын аймақтың басқа елдеріне – Руанда, Орталық Африка Республикасы, Конго Демократиялық Республикасы, Эфиопия, Оңтүстік Суданға жіберіледі.
Қазақстандық жүктерді жеткізу және сақтау мүмкіндіктерін неғұрлым егжей-тегжейлі зерделеу үшін қазақстандық делегацияның Момбаса және Ламу порттарына сапарын ұйымдастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.