Кенен Әзірбаевтың 135 жылдығына арналған салтанатты шара өтеді

23 Қазан 2019, 15:52
6216
Бөлісу:
Кенен Әзірбаевтың 135 жылдығына арналған салтанатты шара өтеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. "Әнім қалсын" атты салтанатты шараны Қазақ Ұлттық өнер университеті ұйымдастырады. 

Елбасының "Рухани жаңғыру" бағдарламасы мен "Жастар жылы" аясында 100-ден астам әндері, өлең-жырлары мен дастан - толғаулары ұлт қазынасына қосылған талант иесі – Кенен Әзірбаевтың мерейтойы қарсаңында Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігінің, облыс әкімдіктерінің қолдауымен ақынның шығармашылығын жан-жақты насихаттау мақсатында еліміздің 9 қаласында 17 іс-шара өткізіледі.

Шаралардың қорытындысы ретінде Қазақ Ұлттық өнер университеті халық ақыны, қазақтың әншілік-жыршылық өнерінің көрнекті өкілі, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері - Кенен Әзірбаевтың шығармашылығына арналған салтанатты концерт ұйымдастырады. 

"Кенен Әзірбаев Жамбыл облысы Қордай ауданының Мәтібұлақ елді мекенінде дүниеге келген. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске белсене қатысқан Кенен Әзірбаев "Бұлбұлға" деген әнінде "Қаңғыртқан екеумізді патша құрғыр" деп сол кездегі патшалық саясаттың қарапайым халыққа көрсеткен қатігездігін дөп басып айтады. 1930-жылдардағы қазақ халқының басына қасірет болып келген ашаршылдықты да көзбен көрген. Күндей күркіреген Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінде-ақ Алатаудың ақиық қыранындай "Біздің Отан жеңеді!" деп жар салды", - делінген таратылған ақпартта.
Кенен Әзірбаев – бейбіт өмір мен жасампаз еңбекті жырлаған көптеген толғау, поэмалардың авторы. Ол – тыңдаушысының құлақ құрышын қандырған әнші, эпикалық жыр-дастандарды жырлап, халықтың рухани ұйтқысы болған талант иесі.

Шығармашылық кешке ақынның ұрпақтары мен ҚР мемлекет және қоғам қайраткерлері, депутаттар, ғылым саласының өкілдері, өнер саласының майталмандары, шығармашыл зиялы қауым мен жастар өкілдері қатысады.

Өзгелердің жаңалығы