Дәрігерлер кене шағу маусымының жақындап келе жатқанын ескертті

29 Наурыз 2019, 08:35
4972
Бөлісу:
Дәрігерлер кене шағу маусымының жақындап келе жатқанын ескертті

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Шығыс Қазақстан облысы кене энцефалиті қауіп төндіретін аймақтардың біріне жатады. Әсіресе өңірдің Катонқарағай, Алтай, Шемонаиха, Көкпекті, Ұлан, Глубокое аудандары мен Риддер және Өскемен қалаларының маңдары жоғары эндемиялық аймақтар болып саналады.

Өткен жылдың сәуір-қазан айларында 4 мың тұрғынды кене шағып, дәрігер көмегіне жүгінген. Ұйымдастырылатын санитарлық-профилактикалық шараларға қарамастан, көптеген адам кенеден қорғайтын қарапайым шараларды назарға алмайды. Облыстық Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің хабарлауынша, кенеге қарсы профилактикалық вакцина құрылыс, орман шаруашылығы, геология салаларында жұмыс істеп, экспедицияларға қатысатын адамдарға берілетін көрінеді. Мамандар мұндай санаттағы адамдарға берілетін вакцина курсы екі екпеден тұратынын айтады.

«Жалпы, алғашқы вакцина қазан-қараша айларында берілсе, екінші вакцина сәуір-мамыр айларында жасалады. Сондай-ақ әр үш жыл сайын ревакцинация жасату қажет. Екпені тек көктемде ғана алуды ойлаған адамдарға вакцина жасаудың ерекше жүйесі қолданылады. Яғни тау-тасқа шығатын уақыт жақындағанда араға екі апта салып екі рет екпе жасалады. Қазіргі уақытта облысымызда кене шағуына қарсы берілетін вакцина жеткілікті деңгейде», - дейді ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының кеңесші иммунологы Надежда Бефус.

Кене шағып алған жағдайда үш күн ішінде дәрігер көмегіне жүгініп, энцефалитке қарсы иммуноглобулин алу қажеттігін айтқан департамент мамандары табиғат аясына шыққан кезде жәндікті жолатпайтын арнайы препараттарды әр адамның өзімен бірге алып жүру керегін ескертті.

Табиғат аясына шыққанда қолданатын қауіпсіздік шаралары:

- Денеге жабысып тұратын киім кию керек (киімнің жеңі түймеленіп, шалбардың балағы етіктің қонышына салынуы керек);

- Дененің ашық жерлеріне жәндіктерді үркітетін арнайы препараттар жағып қойған жөн;

- Әр екі сағат сайын киімді, дененің ашық жерлерін (мойынды, желкені, құлақты) тексеріп, көзге түскен жәндіктерді сілкіп тастау қажет;

- Табиғат аясында қураған ағаштардан, үйілген шөптен, мал жайылымдарынан аулақ болған жөн.

Денеңізге кене қадалса мынадай шараларды қолданыңыз:

- Кене қадалған аумақты антисептикалық құралмен сүртіп, шприц инесімен кенені кәдімгі тікен сияқты ұстаңыз;

- Содан соң кененің басын жіңішке жіппен орап, ақырын ырғап тартыңыз (мұрты қалып қоймас үшін);

Кене шаққан орынды йодпен өңдеп, пластырь жапсырыңыз. Кейін бірден тұрғылықты жеріңіздегі медициналық пунктке жүгініп, қажетті профилактикалық шараларды алыңыз.

Өзгелердің жаңалығы