Кемеңгер тұлғаның кемел қадамы – жазушы

20 Наурыз 2019, 17:15
3352
Бөлісу:
Кемеңгер тұлғаның кемел қадамы – жазушы

Астана, BAQ.KZ. Жазушы, қоғам қайраткері Оразалин Нұрлан Мырқасымұлы ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ҚР Президенті өкілеттігін тоқтату туралы қабылдаған шешіміне қатысты пікірімен бөлісті.

Бұл күн тәуелсіз қазақ елінің тарихында мәңгі сақталады. Өйткені елдің егемендігі жолында бар күш-жігерін сарт еткен, халқымызды қиын кезеңнен алып шыққан, сол жолда түрлі қиындықты бастан өткізе жүріп мемлекет құрған кемеңгер тұлға үлкен шешім қабылдады.

Назарбаев тарихтан өзінің орнын Тәуелсіз мемлекетімізді бекіту, мемлекетіміздің шекарасын шегендеу, Астананы Жетісу жерінен Сарыарқа төріне әкеліп қазақ жерінің қақ ортасына орнықтыру арқылы есте қалды. Оның жаңа Астананы салып, бүкіл әлемнің алдында мәртебелі биікке көтеруі қазақтың арғы-бергі дәуірлерінде болмаған, болса да сирек болған ұлы бір кезең іспеттес. 

Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттің іргесін бекіту үшін, халқын қиын кезеңнен алып шығу үшін күресті. Оны көзімізбен көрдік, жанымызбен сезіндік. Енді міне, тұтас бір үлкен ұлы дәуір тұрлаулы тарихтың еншісіне айналып бара жатыр. Алғашқы Президентіміздің елге айтқан аманаты, осы жасалған игілікті істерді әрмен қарай жалғап, тәуелсіздігімізді сақтауға атсалысуға үндейді. 

Тәуелсіздікті сақтау – өзімізді өзіміз сақтау деген сөз. Әлем елдері алдыңдағы осыған дейінгі бүкіл атқарылған, мемлекетіміздің шекарасын ғана емес, ішкі әл-ауқатын, еліміздің әскери күш-қуатын, пәрменді тұлғалар басқара алатын деңгейге көтеру. Бұл өзіміздің ұрпағымызды, ұлтымызды елдің алдыңдағы қуатымызды қорғап қалу. 

Ендеше, осы болып жатқан жағдайды, Президентіміз жүрегі арқылы, ұшқыр ойы мен санасы арқылы жеткізді. Ол кісі ешқашан кез келген істі ойламай жасаған емес. Елбасының осындай бір тарихи шешімге барғанын өз басым замандасы ретінде, қаламгер ретінде және алғашқы тәуелсіздік күндерінен бергі сол кісінің қасында бірге қызметтес болған әріптестерінің бірі ретінде оң шешім деп қабылдадым.

Бұл кезеңде шын мәнінде Конституцияға сәйкес Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың билікті қолына алуы бір күннің, бір сәттің немесе бір кездің ғана шешімі емес. Бұл өзі 1995 жылы қабылданған жалпыхалықтың референдумда бекітілген Конституцияның әрбір үтір-нүктесін сақтай отырып жасалған қадам деп бағалауға болады. Осы кезеңдегі билікті Қасым-Жомарт Кемелұлына тапсыруы, біріншіден, Конституциялық жағынан дұрыс. 

Екіншіден, шындығында Қасым-Жомарт Тоқаев – үлкен саяси мектептен өткен, Елбасының қасында жүріп, тәуелсіздікке қатысты мемлекеттің ішкі-сыртқы саясатына жан-тәнімен араласқан, үлкен жауапкершілікті сезінетін тұлға, мемлекет қайраткері. Ендеше, ол азаматтың да иығына артылып отқан жүктің салмағы ауыр. Халқымыздың ендігі мақсат-мұраты елдегі тыныштықты сақтай отырып, осы шешімге барынша көмек көрсету, сенім білдіру ғой деп ойлаймын.

Елімізге Алла Тағаланың көзі дұрыс болсын. Іргеміз аман, ел тыныш болғай. Ең бастысы бәріміз де болып жатқан тарихи жағдайды жүрегіміз, санамыз арқылы өткізе отырып, оң бағалап, қазақтың кең байтақ жерінде мемлекеттілігімізді сақтау үшін күресуіміз керек деген шешімге келуіміз қажет. Бұл ертеңгі ұрпағымыздың баянды болашағы үшін жасалатын игі қадам.


Өзгелердің жаңалығы