Кемелбек Ойшыбаев «Хабар» Агенттігінің басқарма төрағасы қызметіне тағайындалды

13 Қыркүйек 2023, 17:30
594
Бөлісу:
Кемелбек Ойшыбаев «Хабар» Агенттігінің басқарма төрағасы қызметіне тағайындалды
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Бұл туралы ол өзінің фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бүгіннен бастап «Хабар» Агенттігі Акционерлік қоғамының басқарма төрағасының міндетін атқаруға кірістім. Басты мақсатымыз агенттіктін «Хабар», «Хабар 24», «Ел арна» арналарының телеөнімдерін дамытып, халыққа керекті, қызықты жасау. Жастарымызды тәрбиелеу, ағартушылықпен дұрыс жолға салу бағытында нәтижелі болуымыз үшін интернет желілерінде арналарды конкурентті түрде, қарқынды, дамытуымыз керек. Осы мақсаттарға агенттіктің командасымен бірге жету үшін бар күш қуатымды, тәжірибемді және білімімді жұмсауға дайынмын,-делінген жазбада.

Сондай-ақ, Кемелбек Ойшыбаев мемлекет басшылығына, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға сенім білдіргендері үшін алғысын білдірді.

Кемелбек Ойшыбаев 1977 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген.

Ойшыбаев Кемелбек Бақтығұлұлы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «Журналистика» мамандығын, Қазақ гуманитарлық-заң университетін «Заңгер» мамандығы бойынша тәмамдаған. Швейцарияда Geneva Business School (MBA) оқу орнын бітірген.

Кемелбек Ойшыбаев “Столичное обозрение - Атамұра” газетінде, «Интерфакс-Казахстан» ақпараттық агенттігі» ЖШС, «Қазақтелеком» АҚ, «Қазмедиа орталығы» басқарушы компаниясы» ЖШС, «Орталық коммуникациялар қызметі» РММ, «Қазақстан» Республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ, «Рухани Жаңғыру» Қазақстандық қоғамдық даму институты, Ұлттық Медиа Қауымдастығы т.б. мекемелерде және ондағы бөлімдерде басшылық қызметтер атқарған.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі қызметін атқарған.

Өзгелердің жаңалығы