Кемелбек Ойшыбаев: 2021 жылы телеөлшем онлайн режимде қолжетімді болады

29 Қаңтар 2021, 11:51
1184
Бөлісу:
Кемелбек Ойшыбаев: 2021 жылы телеөлшем онлайн режимде қолжетімді болады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Кемелбек Ойшыбаев министрліктің алқа отырысы кезінде айтты.

Ақпараттандыру жұмысымен қатар, министрлік БАҚ саласын дамыту бойынша көптеген шара атқарып келеді. Оның ішінде отандық телеарналарды шетелдегі қандастарымызға жеткізу, контенттің сапасын арттыру, отандық арналардың техникасын жаңарту сияқты шаралар бар. Сонымен қатар «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» акционерлік қоғамдары біріктірілді. Осы шаралар аяқталғаннан кейін 2021 жылы мемлекеттік басылымдар «Қазақ газеттері» брендіне біріктіріледі, - деді ол.

Вице-министр, сондай-ақ, «KazakhTV» телеарнасын шетелге тарату аясында 2020 жылы 8 жаңа мемлекеттік операторына қосылғанын айтты. Оның арасында Грузия, Германия, Ресей сияқты елдер бар. Жалпы, осындай кеңейтілудің арқасында телеарна бүгінде 118 мемлекетте хабар таратады.

Телевизия саласында көп жылдан бері сын айтылып келе жатқан телеөлшем бағытында өзгертулер жүргізілді. Жасалған жұмыстар арқасында 2021 жылы телеөлшем онлайн режимде қолжетімді және жаңа технологиямен жүргізілетін болады. БАҚ саласын дамытуға арналған ақпараттық мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң қабылданды. Бұл заң мемлекеттік ақпараттандыру саясатын Қазақстан аумағында жүйелі түрде жүргізуге мүмкіндік береді және ол жергілікті БАҚ-ты қолдауға бағытталған. 2020 жылы министрлік журналистерді аккредитациялау ережесін жаңартты, - деді ол.

Кемелбек Ойшыбаевтың айтуынша, БАҚ саласын дамытуға арналған медиа сала мамандарын оқыту жөніндегі арнайы жоспар бекітілген. Ондағы мақсат – білім беру процесін жүйелеу, сала мамандарының кәсіби деңгейі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру.

2020 жылы министрлік медиа саласын дамыту мақсатында «Astana Media Week» халықаралық пікірталас алаңын ұйымдастырды. Онлайн режимде АҚШ, Ресей, Норвегия, Австралия сияқты географиясы кең мемлекеттерден 60 сикер қатысты. Аталған іс-шараның трансляциясын қараған мамандар саны 10 мыңнан асты. БАҚ саласының қарқынды дамуын ескере отырып, министрлік тұрақты негізде жалпы ақпарат саласын дамытуға ықпал ететін жұмыстарды жалғастыра береді, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы