"Кемел адам" тұжырымы негізгі тұғырға айналуы тиіс – Тоқаев

15 Қаңтар 2020, 12:43
5262
Бөлісу:
"Кемел адам" тұжырымы негізгі тұғырға айналуы тиіс – Тоқаев
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Абайдың "кемел адам" тұжырымы мемлекеттің барлық саласында негізгі тұғырға айналуы тиіс екенін айтты.

Абайдың "кемел адам" тұжырымы өміріміздің кез келген саласында, мемлекетті басқару мен білім жүйесінде, бизнес пен отбасы институттарында негізгі тұғырға айналуы керек. Мұның бәрі интеллектуалды ұлт қалыптастыру үшін қажет. Абайды өз заманындағы іскерліктің ұйытқысы деуге болады. Біз елдік мүддеге қатысты әрбір ісімізде ұлы ақынның еңбектеріне жүгінуіміз керек. Бұл - жаңғыру жолындағы аса маңызды қадам. Халқымыз, әсіресе жас буын Абайдың сара жолын жалғауға баса мән беруі тиіс. Мен "Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан" атты мақаламда осы мәселелерге ерекше назар аудардым. Біз елдік пен егемендіктің қадірін бағалай білуіміз керек. Жастар әрдайым ұлттық құндылықтарды көздің қарашығындай сақтап, дәріптей білуі тиіс. Бұл - өздеріңізге жүктелген мәртебелі миссия деп біліңіздер, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ол осы ретте биыл туғанына 175 жыл толатын Абай Құнанбайұлының еліміздің және әлем тарихында өшпес із қалдырғанын атап өтті.

Отанға деген сүйіспеншіліктің озық үлгісін ұлы Абай көрсетті. Биыл ғұлама ойшылдың туғанына 175 жыл толады. Ол еліміздің тарихында және әлем тарихында өшпес із қалдырды. Оның ғибратты ғұмыры мен мол мұрасы - бүкіл халқымызға үлгі-өнеге. Абайдың өсиеті - өскелең ұрпақтың айнымас темірқазығы. Біз елді, ұлтты Абайша сүюді үйренуіміз керек. Ұлы ақын ұлтының кемшілігін қатты сынаса да тек бір ғана ойды - қазағын, халқын төрге жетелеуді мақсат тұтты. Ұлы ойшыл жастарымызды білім мен ғылым игеруге, өнер мен тіл үйренуге, адал еңбек етуге шақырды, - деді мемлекет басшысы.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгін ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада президенттік жастар кадрлық резервіне өткендермен кездесті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғам өкілдері биліктің іс-әрекетімен келіспеген жағдайда пікірін еркін айтуға мүмкіндігі болатынын айтты. Сондай-ақ, президент жиында қазақтың тұңғыш премьер-министрі саналатын, "Алашорда" үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейханның қанатты тіркеске айналып кеткен сөзін мысалға келтірді.


Өзгелердің жаңалығы