«Келешек» жүйесінің қандай артықшылығы бар

22 Мамыр 2024, 16:15
343
Бөлісу:
«Келешек» жүйесінің қандай артықшылығы бар
Фото: Арман Мухатов - архив

Мемлекет тарапынан баланың болашақта толыққанды білім алуына мүмкіндік беретін түрлі тетіктер қарастырылып жатыр. Соның бірі - «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтаушы жүйесі. BAQ.KZ тілшісі осы жүйенің қалай жұмыс істейтінін зерделеп көрді.

«Келешек» жүйесінің идеясын кім ұсынды?

2023 жылы Қазақстан халқына Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алғаш рет «Келешек» жүйесі туралы сөз қозғады. Оның айтуынша, бұл жүйеде бастапқы білім беру капиталы, жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы және инвестициялық табыс қарастырылады.

Мемлекеттің білім саласына қатысты жұмысында тұтастық, яғни жүйе жоқ. Тіпті, өзара байланыс жоқ деуге болады. Сондықтан бес жастан асқан балаларға арналған «Келешек» атты бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізуді тапсырамын. Бұл бағдарламада мемлекет тарапынан ұсынылатын бастапқы білім беру капиталы, жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы және инвестициялық табыс қарастырылуға тиіс. Осы жинақ пен «Ұлттық қор – балаларға» жобасының қаражаты қосылғанда жас ұрпақтың сапалы білім алуына мүмкіндік туады, - деді Тоқаев.

«Келешек» жүйесі арқылы қаражат қалай жинақталады?

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бала туу көрсеткішінің көбеюіне байланысты болашақта білім беру жүйесіне түсетін жүктеме едәуір артатынын атап өтті.

Сөзінше, қазір мемлекеттік білім беру тапсырысы мектеп түлектерінің 40%-дан астамын гранттармен қамтуға мүмкіндік береді. Алайда қолданыстағы тәсілдер сақталса, 2040 жылға қарай бұл көрсеткіш шамамен 15%-ға дейін қысқарады.

Сонымен аталмыш жүйенің алгоритмі төмендегідей болады:

  1. Әр (5 жасқа толған) балаға арнайы шот ашылады;
  2. Оған мемлекет 60 АЕК мөлшерінде бастапқы капитал салады;
  3. Бұдан әрі ата-аналардың ерікті жарналары, 5-7% мөлшерінде мемлекеттік сыйақы және инвестициялық табыс есебінен шотта қаражат жинақталады;
  4. Айына 1 АЕК (3 450 теңге) мөлшеріндегі ең төменгі жарна салынып отырса, бала кәмелетке толғанша шотында 3,3 млн теңгеден астам қаржы жиналуға тиіс. Сондай-ақ ата-аналардың ерікті жарналары, мәселен, айына 3 АЕК-ке дейін көбейсе, 7 млн теңгеден астам қаражат жинақтауға болады.

Бұл ретте жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға 120 АЕК мөлшерінде капитал салынады.

Жоғарыда айтылғанның барлығы ҰБТ тоқтатылады дегенді білдірмейді. Керісінше ҰБТ тапсыру қорытындысы бойынша білім беру гранттарын бекіту жүйесі сақталады. Ал «Келешек» жүйесі оқушыларды, яғни болашақ түлектерді қолдаудың қосымша тетігі болатынын түсінген жөн. Түлек ҰБТ-дан ойдағыдай балл жинап, грантқа түскен жағдайда, арнайы шотында жиналған ақша арқылы үй алуға болады. Бұл қаражатқа Ұлттық қорда жинақталған барлық ақшаны біріктіріп алу мүмкіндігі қарастырылады.

Соңғы 6 жылда университеттерде оқуға арналған гранттар саны 2 есе өсті. 2023 жылы 73 мыңнан астам грант бөлінді, 2017 жылы бөлінген гранттар саны 38 мыңнан асқан.

2019 жылдан 2022 жылға дейінгі пандемия кезеңінде туу көрсеткішінің артқанын ескерсек, 2040 жылға қарай 18 жастағы қазақстандықтар саны айтарлықтай өсуі ықтимал. Мұндай жағдайда түлектердің басым бөлігі жоғары біліммен қамтылмай қалуы мүмкін.

Бұл ретте «Келешек» осы мәселелерді шешуде септігін тигізеді. Бұл жүйе қазақстандықтардың ақшасын үнемдейді.

«Келешек» жүйесіндегі форс-мажор жағдайлар қалай шешіледі?

Қаражаттарды жинақтаушы ата-ана еңбек қабілеттілігін жоғалтса немесе қайтыс болса, шарт бойынша сақтандыру жарналары тоқтатылады. Алайда сақтандыру мерзімінің соңында бала, кәмелеттік жасқа толғанға дейін қажетті жинақты ала алады.

Қазақстандықтардың бұл бағдарламаға көзқарасы қандай?

Бұл жүйеге қатысты алматылықтардың пікірін біліп көрдік. Олардың кейбірі жаңашылдыққа қолдау білдірсе, кейбірі әлі де біраз тетігі қарастырылуы керек екенін айтты.

Алматы тұрғыны Айжан Жанатқызы 4 баланың анасы. Ол балаларының болашағына алаңдаулы болса да, әр баласына қаражат жинақтау қиынға соғады деп отыр.

Жаңа жүйе туралы хабардармын. Дегенмен, мен көпбалалы анамын. 4 балам бар. Олардың келешекте ЖОО-ға түскенін қалаймын. Алайда әрқайсысына қаражат салып отыруға мүмкіндігім жоқ. Сол себепті мен сияқты аналарға жеңілдік қарастырылса екен, - деді көпбалалы ана.

Мегаполистің жастары мұндай бастамаға оң көзқарасын білдіріп жатыр. Алматылық Ақтолқын Тұрлығазы бұл жүйенің тиімді тұстарын тізіп берді.

Менің ойымша, «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесінің жастарға берері мол болмақ. Жастайынан қаражаты бар бала өзінің болашағына сенімді, әр қадамын айқындап бастайтын тұлға болмақ. Мектеп бітірушілердің ең басты мақсаты - ЖОО-на грант ұтып алу. Дегенмен бұл мүмкіндік бәріне беріле қоймайтыны айдан анық. Ақылы бөлімге түскен студенттер оқуының ақшасын төлеймін деп қосымша жұмыс істеп, оқуына үлгере алмай қалып жатады. Осы бағдарламаның арқасында жиналған қаржысы ЖОО-ға төленетін болса, келешекте алаңсыз білім алып, білімді маман болып шығары сөзсіз. Ал грант ұтып алған талапкер үй алуға ақшасын жұмсап, өз қажеттілігіне жұмсар еді, - деді ол.

Айта кетейік, «Келешек» жинақтау жүйесі биыл қыркүйек айында енгізілуі мүмкін.

Өзгелердің жаңалығы