Қазақстандағы мектептер түбегейлі өзгереді: Оқушыларды не күтіп тұр?

Жаңа форматтағы мектептерде демалыс аймақтары, STEM-зертханалар мен қауіпсіздік жүйелері қарастырылған

 ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов Бүгiн 2026, 15:33
Бүгiн 2026, 15:33
275
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте жаңа форматтағы мектептердің ерекшеліктері мен артықшылықтары туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Вице-министрдің айтуынша, жаңа үлгідегі мектептердің басты ерекшелігі – әр блокта оқушылар мен мұғалімдерге арналған арнайы демалыс аймақтарының қарастырылуы.

Демалыс бөлмелері жұмсақ жиһазбен, кітаптармен, музыкалық аспаптармен және үстел ойындарымен жабдықталған, – деді ол.

Сонымен қатар мектептер заманауи оқу кабинеттерімен толық қамтамасыз етілген.

Мектептер физика, химия, биология кабинеттерімен, зертханалармен, компьютерлік сыныптармен, STEM-зертханалармен және робототехника кабинеттерімен толық жабдықталған, – деді Жайық Шарабасов.

Оқушылар үшін қолайлы жағдай жасау да басты назарда.

Оқушыларға мобильді трансформер-парталар мен жеке шкафтар қарастырылған. Қабаттарда санитарлық талаптарға сәйкес ауыз су фонтандары орнатылған, – деді вице-министр.

Шығармашылық және кәсіби дағдыларды дамыту мақсатында мектептерде арнайы кеңістіктер қарастырылған.

Оқушылардың шығармашылық әлеуеті мен кәсіби дағдыларын дамыту үшін әмбебап шеберханалар, студиялар және бастапқы кәсіби оқыту кабинеттері толық жабдықталған, – деді ол.

Спорттық инфрақұрылым да мектеп сыйымдылығына қарай жоспарланған.

Мектептерде 2-ден 4-ке дейін спорт залы қарастырылған. Ал аула аумағында футбол, баскетбол, волейбол алаңдары, street workout аймақтары және жүгіру жолдары бар, – деді Жайық Шарабасов.

Аймақтық ерекшеліктер де ескерілген.

Солтүстік өңірлерде хоккей корттары, ал оңтүстік аймақтарда теннис алаңдары жабдықталған, – деді вице-министр.

Балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінген.

Мектептерде антивандалдық есіктер орнатылған, заманауи бейнебақылау жүйелері енгізілген. Ғимаратқа кіру Face ID технологиясы арқылы жүзеге асырылады, сондай-ақ төтенше жағдайларда жедел әрекет ету үшін дабыл түймелері қарастырылған, – деді ол.

Вице-министрдің айтуынша, бұл шаралардың барлығы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің кешенді жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Осылайша, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заманауи талаптарға сай кешенді жүйе қалыптастырылды, – деп айтты Жайық Шарабасов.

Наверх