Қазақстанның соңғы жаңалықтары

“Келешек мектебі“: Алматы облысында айрықша білім мекемесі қолданысқа беріледі

Нұрқанат Атажан
4 Тамыз 2025, 16:54
908
Бөлісу:
 коллаж BAQ.KZ
Фото: коллаж BAQ.KZ

Жаңа оқу жылында Алматы облысы Ащысай ауылында су жаңа “Келешек мектебі“ қолданысқа беріледі. Бүгінде білім мекемесінің құрылысы аяқталуға жақын, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Облыстық білім басқармасының мәліметінше, Еңбекшіқазақ ауылындағы аталған мектеп 600 орынға арналған. Нысан құрылысына 3.5 миллмард теңге қаражат жұмсалған.

Білім мекемесінің аумағы 3,4 гектар. Құрылыс 2024 жылғы мамыр айында басталған. Ағымдағы жылдың қазанында қолданысқа беріледі деп жоспарлануда. Жаңа мектепке бүгінге 1-11 сынып аралығындағы 583 оқушы тіркелді. 66 мұғалім сабақ береді. Мектеп екі аусымдық жүйемен білім береді, – деді мектеп директоры Жанар Мұхалиева.

Бұған дейін Ащысай ауылында күрделі жөндеуді қажет ететін Ш.Уәлиханов атындағы жалғыз мектеп болған. Енді ондағы оқушылар жаңа “Келешек мектебіне” көшіріледі. Білім мекемесінде Ащысай және Достық ауылының балалары оқитын болады.

Аудандық білім бөлімі өкілдерінің айтуынша, мектеп барлық заманауи стандарттарға сәйкес. Тіпті инклюзивті білім беру сыныптары да қарастырылған. Мамандар нысан қолданысқа берілген соң, көптеген білім және өнер қосымшалары мен спорт секцияларын ашу жоспарланып отырғанын айтты.

Айта кетейік, келешек мектептері – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған ұлттық ауқымдағы жоба. Оның басты мақсаты – апатты жағдайдағы мектептердің, үш ауысымда оқытудың және оқушы орындарының тапшылығы мәселесін шешу. “Келешек мектептері” жаңа буын мектебінің моделі елдегі барлық жалпы білім беру ұйымының дамуына негіз болмақ.

Сондай-ақ Іле, Қарасай, Талғар аудандарындағы халықтың тығыз орналасуы, көшіп келушілердің артуы мен демографияның өсуіне байланысты Қарасай ауданы “Асыл арман” тұрғын үй кешенінде мектеп жоқ, бүгінгі күнге жекеменшік инвестор есебінен “Асыл арман” тұрғын үй кешенінде 2000 орындық мектеп құрылысы салынуда. Жобаның аяқталу кезеңі ағымдағы жылдың қыркүйегі.

Іле ауданы Өтеген батыр, Байсерке, А.Тоқпанов ауылында жеке инвесторлар тарапынан мемлекеттік - жекеменшік серіктестік шеңберінде әр қайсысы 1500 оқушы орнына арналған мектеп құрылысын салу 2025-2026 жылдарға жоспарланды. Бүгінде келісімшартқа отыру жұмыстары жүргізілуде.

Алматы облысындағы 30 мектептің үш ауысымда оқыту мәселесін жою мақсатында аталған мектептердің құрылысы жергілікті атқарушы органдармен және жеке инвесторлармен белсенді жүргізілуде. Білім басқармасы өкілдері бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатынын айтты.

Өзгелердің жаңалығы