25 қыркүйек күні таңертең Қазақстанның оңтүстік өңірлеріндегі кейбір тұтынушылар электр қуатынсыз қалды. KEGOC мәліметінше, бұған Өзбекстанның энергетика жүйесіндегі апат себеп болған.
Компанияның хабарлауынша, Астана уақытымен сағат 05:02-де көрші елдің энергетика жүйесінде жалпы қуаты 1 516 МВт болатын генерация кенеттен ажыратылған.
Соның салдарынан Орталық Азияның біріккен энергетика жүйесі тарапынан қуат ағыны күрт артып, «Қазақстанның Солтүстігі – Оңтүстігі» электр энергиясы транзиті автоматты түрде бөлінген.
Апат кезінде Қазақстанның энергетика жүйесінде тұтынушыларға қойылған шектеу көлемі 962 МВт болды. Апатқа қарсы автоматика штаттық режимде жұмыс істеп, одан да ауқымды электр қуатының өшуіне жол бермеді, – деп хабарлады KEGOC.
Электр қуаты қашан қалпына келтірілді?
Апаттан кейін жиілік төмендегенде жүктемені автоматты түрде ажырату жүйесі іске қосылды. Сағат 05:43-ке қарай Қазақстанның Бірыңғай электр энергетикалық жүйесінің Оңтүстік аймағы мен Орталық Азия энергетика жүйелерінің қатар жұмысы толық қалпына келтірілді.
Осыдан кейін өңірлік электр желілері компанияларына шектеулерді алып тастап, тұтынушыларды электр қуатына қайта қосу тапсырылды.
KEGOC мәліметінше, қазір Қазақстанның Бірыңғай электр энергетикалық жүйесі штаттық режимде жұмыс істеп тұр.
Осыған ұқсас жағдай бір ай бұрын Алматыда болған. 14 тамызда Алматыда, Алматы облысында және Қазақстанның бірқатар басқа өңірінде электр қуатымен қамтуда ауқымды іркіліс тіркелді. Сол кезде Энергетика министрлігі бұған Орталық Азия энергетика жүйесі тарапынан электр энергиясы ағынының күрт өзгеруі себеп болғанын мәлімдеді. Қуат ағыны артқаннан кейін апатқа қарсы автоматика іске қосылып, тұтынушылардың бір бөлігі уақытша электр қуатынан ажыратылды. Алматы мен Алматы облысында осы жағдай KEGOC-тың 500 кВ-тық үш электр жеткізу желісінің апаттық ажыратылуымен қатар жүрді. Ажыратылған жүктеме көлемі 300 МВт болды.