Қазіргі кезде мемлекеттік органдарға зор жауапкершілік жүктелді - депутат

28 Қазан 2020, 20:55
1514
Бөлісу:
Қазіргі кезде мемлекеттік органдарға зор жауапкершілік жүктелді - депутат

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Маңғыстау облысындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың өзекті мәселелері «Nur Otan» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің отырысында талқыланды.

Кеңестің жұмыс тобы Маңғыстау облысында 2018-2019 жылдары және осы жылдың 8 айында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша атқарылған жұмыстарды зерттеді. Қоғамдық кеңес мүшелері берген ақпаратқа сәйкес, өңірдегі сыбайлас жемқорлық фактілерінің негізгі бөлігі жергілікті атқарушы органдардың қызметінде орын алып отыр. Атап айтқанда, мұндай фактілер мемлекеттік сатып алу, жер қатынастары, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларында тіркелді.

Кеңес төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Омархан Өксікбаевтың айтуынша, сыбайлас жемқорлық көріністерін барлық салаларда орталықта және де өңірлерде уақытында анықтау және жою үшін қажетті шараларды қабылдауымыз қажет.

Әсіресе, қазіргі ауыр дерт пайда болған, қысылтаяң кезде мемлекеттік органдарға зор жауапкершілік жүктелді. Партиямыздың Төрағасы, Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, «алға қойған мақсаттарға жемқорлықпен ымырасыз күресу арқылы ғана жету мүмкін». Мұны естен шығармауымыз керек. Сондай-ақ, Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай: «Біз азаматтарымыздың лайықты өмір сүруіне жағдай жасауға, олардың құқықтарын қорғауға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге, жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге міндеттіміз, - деді Омархан Өксікбаев.

Отырыс қорытындысы бойынша қоғамдық кеңес мүшелері Маңғыстау облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды жандандыру жөнінде бірқатар нақты ұсыныстар берді.

Айта кетейік, бұған дейін «Nur Otan» Партиялық бақылау комитетінің алаңында партия мүшелері қазақстандықтарды таза ауыз сумен қамтамасыз етудің өзекті мәселелерін талқылаған болатын.

Өзгелердің жаңалығы