Қазіргі әндер неге халықтың жадында сақталмайды?

21 Қараша 2020, 15:33
2660
Бөлісу:
Қазіргі әндер неге халықтың жадында сақталмайды?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл сұраққа «Желмая» жобасының қонағы әнші, композитор Марат Омаров жауап берді. 

Қазір екі-күннің бірінде жаңа ән шығады. Ән де, әнші де көп. Алайда халық әлі де отырыстарда ескі композиторлардың әнін шырқайды, жадында қалғандары да сол. Бұған не себеп?

Біріншіден, оған плагиат себеп. Кей адамның көңіліне келсе де айтайтын, шетелден ән ұрлағанды қою керек. Өзіміздің ұлтымыздың әуезді нақыштарына қарай икемделу керекпіз. Сосын көп композиторлар тасада қалып қояды. Әріптестерімде стимул болмаудың да себебі осы шығар. Өйткені бір ән шығады оның тек орындаушысы белгілі. Ал композиторлар туралы жұмған аузымызды ашпаймыз, - дейді ол.

Сондай-ақ әнші, композитор көркемдік кеңестің жоқтығы да қазір арзанқол дүниенің көбейіп кеткеніне себеп деген пікірде.

Көркемдік кеңес нағыз қазақи әуендерді таңдап алуға көмектесер еді. Кезінде бір әнді радиоға өткізу үшін бірнеше сынақтан, талғамнан өтетін. Композиторлар кеңесі, «Қазақ концерт сынды ұйымдардың талқысынан өтуі тиіс еді. Композиторлар да соған орай өздеріне биік планка қоятын. Өйткені жазған әнің шықпай қалуы мүмкін еді. Бір кезде «Анашым», «Әке арманы» әндерін сынақтан өтіп қолыма алғаш қаламақымды алғанда көзіме жас та келіп еді. Сол сынақтан өту мені шабыттандырып қана қоймай, сол биіктен түспеуім керек деп ойладым. «Қоштасқым келмейді», «Қыз сыны», «Ыстамбұл мен Алматы» әндері содан кейін туған еді, - дейді Марат Омаров.

Оның айтуынша, қазір қазақ шоу бизнесіне осы көркемдік кеңес жетіспей тұр. Сондай-ақ қазір өзі әнші, өзі композитор, өзі әрлеуші өнер иелері көбейіп кеткен. Бұл да сапаға әсер етпей қоймайды.

Бұған дейін хабарлағанымыздай Марат Омаров «Коронавирус кет, кет» әнінің шығу тарихын айтып берген болатын.

Өзгелердің жаңалығы