Қажылыққа баратын адамдар жалған вакцина дайындатып алған

12 Шілде 2021, 12:07
4307
Бөлісу:
Қажылыққа баратын адамдар жалған вакцина дайындатып алған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Алматы қаласында қажылыққа баратын адамдарға жалған вакцина паспортын рәсімдеген туристік компания анықталды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің баспасөз өкілі Шұғыла Тұрлыбек айтты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавируспен күресудің бірден-бір жолы әрі сенімді әдісі вакцина екенін атап өткен болатын. Кей азаматтар қазіргі жағдайды пайдаланып, табыс табуға тырысып жүр. Олар ПТР тестілеу қорытындысы мен вакцина паспортын қолдан жасайды. Осылайша вирустың таралуына себепкер болады. Жыл басынан бері ішкі істер органдарды ПТР тестілеу қорытындысы мен вакцина паспортын қолдан жасаудың, сондай-ақ, оларды пайдаланудың 30 жағдайын тіркеді, – дейді Шұғыла Тұрлыбек.

Оның айтуынша, Алматы қаласында қажылыққа баратын адамдарға жалған вакцина паспортын рәсімдеген туристік компания туралы мәлімет түскен.

Мысалы, Алматы қаласында қажылардың Сауд Арабиясына кетуін рәсімдеу кезінде вакцина паспортын жаппай дайындауға қатысы бар туристік компания анықталды. Сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Тінту кезінде ұйымдастыру техникасы, мөрлер және бланк өнімдері алынды, сот сараптамалары тағайындалды. Жалған құжат дайындағаны үшін 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру, ал оны пайдаланғаны үшін 40 тәулікке дейін қамауға алу түріндегі қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Құқық қорғау орган қызметкерлері интернеттегі ПТР-тест анықтамасы мен вакцина паспортын ұсынатын хабарламаларды жіті бақылауға алған, – дейді Ішкі істер министрлігінің баспасөз өкілі.

Оның айтуынша, ішкі істер қызметкерлері интернет желісінде мониторинг жүргізу кезінде деректер базасында ресми тіркелмеген анықтамаларды немесе вакцина паспорттарын дайындау туралы жалған ұсыныстарды анықтайды.

Біз қазірдің өзінде уәкілетті органға бұғаттауға жататын осындай 35 хабарландыруды анықтап, жолдадық. Ішкі істер министрлігі осы індетпен байланысты барлық қылмыстық көріністерге ерекше назар аударады, – дейді Ш.Тұрлыбек.

Өзгелердің жаңалығы