Қазақстанның жетістіктері және Канадамен ынтымақтастық талқыланды

17 Мамыр 2021, 09:39
2899
Бөлісу:
Қазақстанның жетістіктері және Канадамен ынтымақтастық талқыланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған іс-шаралар сериясы шеңберінде Канадада өткен онлайн-конференция барысында Қазақстанның қазіргі дамуы мен екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады. Бұл туралы СІМ баспасөз қызметі хабарлады.

Конференцияны ашқан Қазақстанның Канададағы елшісі Ақылбек Камалдинов еліміздің өткен кезеңдегі негізгі жетістіктері мен Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде жүргізіліп жатқан жаңа реформалар жөнінде баяндап берді. Сондай-ақ, ол Канада еліміздің маңызды сауда-экономикалық серіктесі және Қазақстанға тартылған шетелдік инвестициялардың елеулі көзі болып табылатынын атап өтті.

Канаданың Қазақстандағы елшісі Николя Бруссо өз сөзінде «Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендігі мен іс-әрекеттерінің арқасында Қазақстан тәуелсіздік жылдары ішінде Орталық Азияның ең қуатты және қарқынды дамып келе жатқан елге айналып, өңірлік көшбасшы және халықаралық беделі жоғары мемлекет ретінде қалыптасқанын атап өтті.

Канаданың Қазақстандағы бұрынғы елшісі Маргарет Скок 1992 жылы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнатылғаны туралы және тәуелсіздік таңында тау-кен, ауыл шаруашылық, энергетика, білім беру және т.б. секторларындағы алғашқы канадалық компаниялардың елімізде қызметін қалай бастағандары туралы өз естеліктерімен бөлісті.

Нұрсұлтан Назарбаев қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының директоры Ержан Салтыбаев тәуелсіз мемлекет ретінде Қазақстанның экономикалық нығаюының тарихына және елдің сыртқы саясатының бірегей моделін қалыптастыруға егжей-тегжейлі шолу жасады.

Қазақстандық «BAZIS» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Александр Белович Канадамен 1993 жылдан бастап құрылыс секторында, соның ішінде құрылыс технологияларын тарту және елімізде бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру бойынша ынтымақтастық тәжірибесі туралы айтты.

Конференцияда Қазақстанда 20 жылдан астам қызмет етіп келе жатқан және еліміздің экономикасына жүздеген миллион АҚШ долларын инвестициялаған канадалық компаниялардың басшылары да сөз сөйледі. Олардың арасында «Cameco» уран компаниясының Президенті, «Қазақстан-Канада» Іскерлік кеңесінің тең төрағасы, Қазақстанның Саскачеван провинциясындағы Құрметті консулы, ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің мүшесі Тим Гитцель, «Condor Petroleum» мұнай-газ компаниясының басқарушы директоры Норман Сторм, «Ex-Im Trading» бас директоры Дэвид Баркер және «AGI-CDC Kazakhstan» компаниясының басшысы Марк Финдли. Конференцияның модераторы «Al Hilal Bank Kazakhstan» Бас директоры және басқарма төрағасы Гордон Хаскинс болды.

Іс-шара Қазақстанның Канададағы елшілігінің бастамасымен Ресей мен Еуразиядағы канадалық іскерлік қауымдастығымен (CERBA) бірлесе өткізілді.

Өзгелердің жаңалығы