Қазақстанның сыртқы тауар айналымы 53,7 млрд долларға жеткен

14 Қыркүйек 2021, 09:27
15981
Бөлісу:
Қазақстанның сыртқы тауар айналымы 53,7 млрд долларға жеткен

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев Үкімет отырысында айтты.

Қаңтар-шілдеде сыртқы сауда тауар айналымы 53,7 млрд АҚШ долларын құрап, оның ішінде экспорт бойынша көрсеткіш 32 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл ретте өңделген тауарлар экспорты 23,4%-ға өсіп, 10,4 млрд АҚШ долларына дейін жетті. Тауарлар импорты 21,7 млрд АҚШ долларын құрады.Жалпы сауда балансы 10,4 млрд АҚШ долларын құрап, оң деңгейінде сақталды, - деді ол.

Министрдің айтуынша, өңдеу өнеркәсібі тұрақты өсу үрдісін сақтап отыр.

Өндіріс көлемі 5,8%-ға өсті. 14 өңір бойынша оң өсу көрсеткіші тіркелді. Ең жоғарғы өсу Алматы қаласында, сондай-ақ Алматы және Қызылорда облыстарында байқалуда. Өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша фармацевтикалық өнім өндіру 40,8%, машина жасау – 23,9%, оның ішінде автомобиль жасау – 34,2%, вагондар мен локомотивтер өндірісі – 48,9%, құрылыс материалдары – 11,6%, пластмасса бұйымдары – 26,5%, дайын металл бұйымдары – 18,6%, киім – 16,3% және жиһаз – 16% деңгейінде серпінді өсуді көрсетіп отыр, - деді Ерғалиев.

Оның айтуынша, сегіз айда орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 11,4%-ға өсіп, құрылыс секторы жоғары қарқын көрсетті.

Көрсеткіштің оң өсімі барлық өңір бойынша тіркелген. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының ең жоғары өсуі Ақмола және Түркістан облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында байқалады. Тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша да оң динамика байқалып отыр, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы