Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтары 12,8 трлн теңгені құрады

27 Шілде 2021, 09:41
3945
Бөлісу:
Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтары 12,8 трлн теңгені құрады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. БЖЗҚ 2021 жылдың бірінші жарты жылдығының алдын ала қорытындысын шығарды, деп хабарлады зейнатақы қорының баспасөз қызметі.

2021 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының шоттарында 12,8 триллион теңге зейнетақы жинақтары қалыптасты. 01.07.2020 жылдан бастап 01.07.2021 жылға дейін зейнетақы жинақтарының сомасы 992 миллиардтан аса теңгеге немесе 8% өсті.

Зейнетақы жинақтарының негізгі сомасы міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен жинақталды, оның мөлшері 12,4 трлн теңге (соңғы 12 ай ішіндегі өсім – 8%). Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) бойынша зейнетақы жинақтарының сомасы 331,5 млрд теңге (өсім 18%), ал ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) бойынша зейнетақы жинақтарының сомасы 1,8 млрд теңгеге жетті.

2021 жылдың алты айында БЖЗҚ салымшылары өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көбірек қаражат салған. 2021 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша салымшылардың шоттарына жалпы көлемі шамамен 811,8 млрд теңге зейнетақы жарналары аударылған, бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 286,8 млрд теңгеге немесе 55%-ға асып түсті. Жарналардың жалпы көлемінің 95,6%-ын БЖЗҚ-ға МЗЖ бойынша түсімдер құрайды, олардың сомасы – 602,2 млрд теңге (соңғы 12 ай ішіндегі өсім 20%), МКЗЖ бойынша 27,3 млрд теңге (өсім 14%) түсті, ЕЗЖ бойынша 299 млн теңге (өсім 39%) аударылды.

Зейнетақы жинақтарының айтарлықтай өсуі, салымшылардың салымынан бөлек, 2021 жылғы 1 қаңтар мен 1 шілде аралығында 753,3 млрд теңгені құраған таза инвестициялық табыстың арқасында орын алды. Ол өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 39% немесе 210 млрд теңгеге артық. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтері бойынша кірістілік жыл басынан бастап 1 шілдеге 6,1% болса, инфляция 4,6% құрады. Соңғы 12 айдағы кірістілік 12,1%, осы кезеңдегі инфляция 7,9% болды, - делінген ақпаратта.

2021 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шоттарының саны 11,6 млн бірлікті құрады. Шоттардың ең көп саны міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) бойынша ашылды, олардың саны – 10 907 549. Одан әрі МКЗЖ есебінен қалыптасқан шоттар – 526 674, БЖЗҚ-дағы ЕЗЖ есебінен қалыптасқан шоттар саны қазір 47 490 бірлікке тең.

Жыл басынан бері БЖЗҚ салымшыларына 1,7 трлн теңгеден астам төлем жасалды. Төлемдердің 1,6 трлн теңге көлеміндегі басым бөлігін біржолғы зейнетақы төлемдері (БЗТ) құрады. Жас мөлшері бойынша төлемдер екінші орында – 46,8 млрд теңге. Одан әрі сақтандыру ұйымдарына аударымдар шамамен 37,7 млрд теңгені, мұрагерлік бойынша төлемдер 30,5 млрд теңгені, ҚР шегінен тыс ТТЖ кетуге байланысты төлемдер 17,3 млрд теңгені, жерлеуге берілген төлемдер 2,5 млрд теңгені және мүгедектік бойынша төлемдер 1,1 млрд теңге болды, - деп хабарлады БЖЗҚ.

Кесте бойынша ай сайынғы орташа төлем сомасы (зейнет жасына толуына байланысты) 28 708 теңгені, ал ай сайынғы төлемнің ең жоғары сомасы 673 643 теңгені құрады.


Өзгелердің жаңалығы