Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Жер реформасы жөніндегі комиссияның 5-ші отырысында айтты.
Оның айтуынша, өзінің бизнесін тиімді дамытқысы келетін қазақстандықтарға ұзақ мерзімді жалға алу мен қатар ауыл шаруашылығы жерлерін жеке меншікке сатып алуға рұқсат беру мүмкіндігі болу керек.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің ұстанымы: жерді пайдаланудың екі институтын да қазақстандықтар үшін ұзақ мерзімді жалдауды да, жеке меншікке алуды да сақтап қалу қажет.
Қазақстандық жер пайдаланушылардың ауыл шаруашылық алқаптарына жеке меншік құқығы мен жалға алу құқығының экономикалық немесе шаруашылық тұрғысынан қайсысы қолайлы болса соны өз бетінше таңдай алу құқығы болуы тиіс деп санаймыз. Егер біз шын мәнінде ашық нарықтық экономика мен тиімді кәсіпкерлік құруға ұмтылсақ ерте ме, кеш пе Қазақстанда ауыл шаруашылық жеріне толыққанды жеке меншік және оны сатып алу және сату еркін нарығы пайда болады,-дейді миинистр.
Сонымен қатар ол жер нарығының болуы ауыл шаруашылығымен айналысатындар үшін банктен несие алуға септігін тигізетінін айтты.
Алдыңғы отырыстарда банк кредиттерін тарту үшін жердің өтімділігін арттыру қажеттігі көтерілген еді. Әкімшілік жағынан екінші деңгейлі банктердің кепілдік құнын көтеруге мәжбүрлеу мүмкін емес. Демек, жердің нақты нарықтық құны болу тиіс. Ал бұған жеке меншік институтын енгізу және ауыл шаруашылық жерлерін сатып алу, сату нарығын дамытқанда ғана қол жеткізе аламыз,-деді Сапархан Омаров.
Сонымен қатар ол жер комиссиясының талқылауы барысында айтылған ауыл шаруашылық жерлерінің бәрі бірдей жеке меншікке сатылып, ірі жер иелерінің қолына шоғырланады, сондай-ақ ұтымсыз пайдаланылады деген алаңдаушылыққа қатысты жауап берді.
Осындай алаңдаушылыққа бола қазақстандықтар үшін жеке меншікке толық тыйым салып тастауға болмайды деп есептейміз. Ол үшін заң түрінде база құру керек. Мысалы, жеке меншікке тым үлкен жер алқаптарының бір қолға шоғырлануына жол бермеу мақсатында бір әкімшілік аудан шегінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің ең жоғарғы мөлшерін белгілеу қажет. Жер ашық сауда-саттықта, мемлекеттік диалог арқылы электронды түрде сатылу керек. Жалға беру жағдайында ауыл шаруашылығы жерлері белгілі бір кезең ішінде тиімді және ұтымды пайдаланылған жағдайда одан әрі жеке меншікке берілуге рұқсат етілуі тиіс. Жерді тиімді пайдаланылмағандар жоғары айыппұл түрінде жазаға тартылу керек,-деді министр.