«Қазақстандық жол» жобасы іске қосылды

25 Маусым 2021, 20:22
7388
Бөлісу:
«Қазақстандық жол» жобасы іске қосылды
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Елбасы кітапханасының музейінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Қазақстандық жол» жобасын іске қосылады. Астана күні қарсаңында жоба «Арман қала» көрмесінен басталды. 

Бұл туралы Елбасы кітапханасының баспасөз қызметі хабарлады. 

«Қазақстандық жол» жобасының негізгі идеясы - Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдық кезеңіндегі аймақтардың дамуына панорамалық шолу. 2021 жылдың соңына дейін жаңа астанадағы Қазақстан Республикасы Президентінің бірінші резиденциясындай тарихи ғимараттың көрме алаңында еліміздің барлық аймақтарына арналған іс-шаралар өтеді.

«Қазақстандық жол» жобасы іске қосылды

Елбасы кітапханасы еліміздің айтулы мерекесі – Астана күні қарсаңында қала жұртшылығымен қауышуға риза. Биыл – мемлекетіміз үшін ерекше жыл. Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы тұсында халқымыз салтанат құруда. Егемен Қазақстанның тарихы жас астанамен тығыз байланысты. 1997 жылғы 10 желтоқсанда дәл осы жерде Н.Ә.Назарбаев республика астанасының Ақмолаға көшірілетінін жариялап, еліміз үшін маңызды тарихи шешімдердің жаңа астанада қабылданатынын хабарлаған болатын. Бұл оқиға сіздерді төріне жинаған киелі ғимаратта, ұлы державалы мемлекет басшыларының басын қосқан Тұңғыш Президенттің бұрынғы резиденциясында орын алған еді. Бүгінгі Қазақстан астанасының тарихы мен болашағы «Арман қала» көрмесіне арқау болып отыр. Себебі, таңғажайып бас қала – ел арманы мен үмітінің қаласы, елімізді мекен еткен барша ұлттардың үлкен мақтанышы, - деп мекеме директоры Бақытжан Темірболат іс-шараны ашты.

Әр елдің астанасы – мемлекеттің алтын бесігі. Өйткені ол – мемлекеттің әрі бет-бейнесі, әрі жүрегі. Әлемге өзін мойындата күн сайын құлпырып келе жатқан елордамыз – арғымаққа мінген, арманы асқақ бозбаладай. Әсем қаланың болашағы да зор. «Арман қала» көрмесінің жәдігерлері бас қаланың қоғам мен жаһандық кеңістіктегі рөлін айшықтай түсетініне сенімдімін. Оны тамашалап, мазмұнына үңілуге баршаңызды шақырамыз, - деп Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Ермек Қизатов ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіріп, сәттілік тіледі.

«Қазақстандық жол» жобасы іске қосылды

Елбасы Н.Ә.Назарбаев айтқандай, «Елордамыз қасиетті Тәуелсіздік рухының – Жасампаздық пен бірлік рухының қайнар көзіне айналды. Еуразияның қақ ортасында салынған жаңа астананың модернизациялық миссиясы мол. Мұнда жаңа кеңістік, жаңа координаттар жүйесі, жаңа уақыт пайда болды. Бұл жалпы жаңару мен жаңа тәртіптің пайда болуына серпін береді».

1999 жылы мемлекет астанасы ЮНЕСКО шешімімен «Бейбітшілік қаласы» атағына ие болды. 2019 жылдың 23 наурызында Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың Жарлығымен Астана Нұр-Сұлтан қаласы болып өзгертілді.

Елордамыз – Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстанның жарқын жетістіктерін айшықтайды. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың астананы көшіру туралы бірегей шешімі халқымыз үшін аса маңызды тарихи оқиға болды. Елбасының ерік-жігері мен теңдессіз ерлігінің арқасында Еуразия кіндігінде ірі саяси, экономикалық, мәдени және білім орталығы пайда болды. Бұл қадам даму, өркендеу және жасампаздық жолында Қазақстанға тың серпін берді. ...Елорданың өркендеуі – Елбасының және барша Қазақстан халқының еңбегі. Еліміздің барлық өңірі Нұр-Сұлтан қаласының өркендеуіне үлес қосты. Бүгінде бас қаламыз барша жұртымыздың ынтымақ-бірлігінің символына айналды, - деді Мемлекет басшысы.

«Арман қаласы» көрмесі қала әкімдігімен, Нұр-Сұлтан қаласы мемлекеттік архиві мен Қазақстан Республикасы ұлттық архивімен, «Астанагенплан» ҒЗЖИ ЖШС мен «KazExpoCongress» АҚ-мен серіктестікте ұйымдастырылды. Көрме – Елбасы жеке архивінің, Елбасы кітапханасы музейі мен кітап қорының материалдары негізінде астананың қалыптасуы мен даму тарихын кешенді зерттеудің нәтижесі. Ол екі бөлімнен тұрады:

«Қазақстандық жол» жобасы іске қосылды

1. «Нұр-Сұлтан – Тәуелсіз Қазақстанның жаңа астанасы» бөлімінде жаңа астананы салу бойынша ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың бастамалары мен идеялары туралы материалдар ұсынылған, соның арқасында Нұр-Сұлтан қаласы Батыстың мәдениеті мен жоғары технологияларын Шығыс дәстүрлерімен біріктіретін бірегей сәулеттік келбетке ие болды. Архивтік құжаттар мен фотоматериалдар негізінде көрермендер әлемдік қауымдастық үшін еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдайының индикаторы болған жаңа астананың қалыптасу тарихымен, қазақстандық даму жолының бірегей бейнесімен танысуға мүмкіндік алады.

2. «Нұр-Сұлтан – дипломатия және бітімгершілік орталығы» бөлімі Нұр-Сұлтан қаласында өткен, жас астананың және тұтастай мемлекеттің халықаралық мәртебесін нығайтуға ықпал еткен, жаһандық ауқымдағы маңызды оқиғалар туралы материалдар кешенімен таныстырады.

1994 жылы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев астананы көшіру туралы өз идеясын жария етті. 1994 жылғы 6 шілдеде Жоғарғы Кеңес астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы тарихи шешім қабылдады.

Еуразия жүрегінде Қазақстанның жаңа астанасы салынды, бұл Елбасы мен бүкіл Қазақстан халқының іске асқан асқақ арманының нышаны.

«Қазақстандық жол» жобасы іске қосылды

Қазақстанның заманауи тарихы тәуелсіз мемлекеттің қарқынды дамуының катализаторына айналған астананы көшіруге байланысты өзгерістердің нәтижелілігін көрсетті. Нұр-Сұлтан қаласы жаңа Қазақстанның мақтанышына, ұлттық идеяның жүзеге асуының, елдің бірігуінің, мемлекеттік табыстың және Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың саяси ерік-жігерінің нышанына айналды.

«Арман қала» атты көрмесі үстіміздегі жылдың 8 тамызына дейін жалғасады.

«Қазақстандық жол» жобасының қорытынды көрмесі Тәуелсіздік бесігі – Алматы қаласына арналмақ. Іс-шара Қазақстанның Тәуелсіздік күні қарсаңына жоспарланған.

«Қазақстандық жол» жобасы іске қосылды

2021 жылдың шілдесінен желтоқсанына дейін астана тұрғындары мен қонақтары 1991 жылдан бастап Қазақстан Республикасының барлық өңірінде орын алған өзгерістер призмасы арқылы Тәуелсіздік тарихын көретін болады.


Өзгелердің жаңалығы