Қазақстандық машина жасаушылар ынтымақтастыққа жаңа мүмкіндіктер ұсынады

25 Мамыр 2021, 20:35
2783
Бөлісу:
Қазақстандық машина жасаушылар ынтымақтастыққа жаңа мүмкіндіктер ұсынады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстандық делегация Ресей мен шет елдердің машина жасау кәсіпорындарының өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды Қазақстан Машина жасаушылар одағының (ҚМЖО) баспасөз қызметі.

Отандық және шетелдік машина жасау кәсіпорындары басшыларының кездесуі 25 мамырда Мәскеуде өткен «Металл өңдеу-2021» халықаралық мамандандырылған көрмесінде өтті.

Қазақстан Машина жасаушылар одағы ұйымдастырған «ЕАЭС шеңберінде машина жасауды дамыту перспективалары» атты дөңгелек үстел отандық және шетелдік машина жасау кәсіпорындары басшыларының қатысуымен өтті. Іс-шара Ресей-Қазақстан Іскерлік кеңесі мен Ресей Машина жасаушылар одағының қолдауымен өтті.

Қазақстанның Ресейдегі Сауда өкілінің орынбасары Дамир Әділбеков өз сөзінде екі ел ынтымақтастығының әлеуеті зор екенін атап өтті. Ол елдегі инвестициялық климатқа ерекше назар аударды және әлеуетті инвесторлар үшін тартымды жағдайлар туралы айтты.

Өз кезегінде ЕЭК мемлекеттік сатып алу саласындағы Бәсекелестік саясат департаментінің Мемлекеттік сатып алу саясатын іске асыру бөлімінің бастығы Әділбек Бектібаев ЕАЭС мемлекеттік сатып алу арқылы өнеркәсіптік кооперацияны қолдау туралы айтып берді. Сондай-ақ ол 2020 жылы Қазақстанның ЕАЭС-дағы мемлекеттік сатып алу көлеміндегі үлесі 12,5%-ды, ақшалай мәнде 16,89 млрд АҚШ долларын құрағанын айтты.

Содан кейін ҚМЖО төрағасының орынбасары Ерқанат Мақанов қатысушыларға Қазақстанның машина жасау саласының даму көрсеткіштері туралы айтып берді. Ол Қазақстандағы машина жасау өнімінің өндіріс көлемі мен импорт көлемінің динамикасын атап өтті. Сондай-ақ қатысушыларға өнеркәсіптік кооперация перспективалары және мұнай-газ, тау-кен металлургиясы және ауыл шаруашылығы машинасын жасаудағы өзара тиімді ынтымақтастық туралы айтылды.

Алматы ауыр машина жасау зауытының бас директоры Жетпісбай Едігенов ресейлік серіктестерді машина жасау саласы үшін құю, шыңдау және қалыптау өндірісі бойынша базалық кәсіпорындарды дамытуда ынтымақтастыққа шақырды.

Болат және сұрыпты прокат біздің елдеріміз арасындағы өнеркәсіптік ынтымақтастық үшін басым тауарлар болып табылады. Қазақстандық машина жасаушыларды қолайлы шарттарда металмен қамтамасыз ету үшін бірлескен күш - жігер қабылдау қажет, - деді ААМЗ басшысы.

Қазақстандық Автобизнес қауымдастығының вице-президенті Анар Мақашева көлік құралдары мен олардың құрамдас бөліктерін өндіру аясындағы кооперация мен перспективалар туралы айтып берді.

Сондай-ақ дөңгелек үстел барысында «Инкар-1» ЖШС директоры Қуандық Нұрпейісов машина жасау саласы үшін кадрлар даярлау әлеуеті туралы айтып, осы бағытта бірлескен күш-жігер жұмсау қажеттігін атап өтті.

Іс-шара соңында қазақстандық делегация әріптестерді 2021 жылғы 22-24 қыркүйек аралығында Нұр-сұлтан қаласында өтетін Қазақстан машина жасаушылар форумы мен машина жасау және металл өңдеу жөніндегі «Kazakhstan Machinery Fair 2021» І халықаралық мамандандырылған көрмесіне шақырды.

Өзгелердің жаңалығы