Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазіргі таңда коронавирус инфекциясын анықтауға арналған экспресс-тесттің орташа құны - шамамен 7000-9000 теңге, ал оның нәтижесін екі тәулік, тіпті кейде одан да ұзақ күтуге тура келеді. Назарбаев университетінің түлегі, ғалым және кәсіпкер Болат Сұлтанқұлов үйде пайдалануға болатын синтетикалық наноденелер негізінде коронавирусты 15 минут ішінде анықтай алатын жедел тест әзірлеп шықты.
Тест жолағы жүктілікті анықтайтын тестке немесе антиденелердің стандартты экспресс-тестіне ұқсайды, бірақ оның басты айырмашылығы – тест антиденелерді емес, вирустың өзін, дәлірек айтқанда, оның RBD деп аталатын бөлігін анықтап береді.
Болаттың мұндай тест жасауына коронавирустың алғашқы толқыны түрткі болған. Ғалым 2020 жылдың наурыз айында нанодене жасаумен айналысатын шетелдік серіктестерді іздей бастайды. Сәуір айында Nature журналында Маркус Зиглердің жетекшілігімен швейцариялық топтың хаттамасы жарық көреді. Олар наноденелерді емдеудің жаңа әдісін құрастыру үшін жасайды. Бұл зерттеудің ерекшелігі сол – наноденелер синтетикалық жолмен алынады, яғни бұл үшін оларды әдеттегідей жануарлардың бойында өндірудің қажеті жоқ. Ғалымдар маусым айында Болатпен RBD коронавирус ақуызына қарсы наноденелермен бөліседі және кейінгі алты ай ішінде тест жасау жұмыстары қыза түседі.
Мен пандемиямен күреске ғалым ретінде өз идеяларыммен көмектесе алатынымды түсінемін. Бұл тестті жасаудағы басты себеп – диагностиканың құнын төмендету. Бірқатар қазақстандық үшін ПТР-тесттің құны отбасылық бюджеттің маңызды бөлігі. Әзірленген тест ПТР-ге қарағанда әлдеқайда қолжетімді болады. Екіншіден, үйде талдау жасау үшін қымбат жабдықтар мен мамандарды қажет етпейтін тест жүйесін жасағым келді. Мұндай тез және сезімтал тест эпидемиологтардың жұмысын жеңілдетеді және пациенттердің шектен тыс ағымы кезінде денсаулық сақтау жүйесінің жүктемесін азайтады. Яғни, азамат әуежайға немесе сауда орталығына кірген кезде бірнеше минут ішінде тест нәтижесін ала алады. Бұл вирустың таралуын едәуір төмендетеді, - дейді ғалым.
Жедел тесттің тағы бір маңызды ерекшелігі – оны түрлі биоматериалдарда қолданылуы, бұл ПТР тиімсіз болуы мүмкін үлгілерде инфекцияны диагностикалауға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта ғалым тест жүйесінің прототипін жасап, зертханалық материалдағы сезімталдық пен талдау жылдамдығының параметрлерін анықтауға қол жеткізген. Ол наноденелерді алтын бөлшектерімен байланыстыруды оңтайландыруға көп уақыт кеткенін айтады. Енді жедел тест вирустың аз мөлшерін (9 нг вирустық ақуыздан) тани алады.
Коронавирусқа жедел тестті ауру белгілері басталғаннан кейінгі алғашқы жеті күнде қолдану керек. Тест симптомсыз тасымалдаушыларда өзін қалай көрсетсе, біз сол бойынша әрі қарай зерттейтін боламыз. Тест жедел жолаққа ұқсайды және жүктілікке арналған тест принципі бойынша жұмыс істейді. Оны үйде ПТР сынағындағыдай сілекей, қақырық, кеңсіріктен алынған шырыш сынамаларында жүргізуге болады. Биоматериал тестке қосылған пластикалық пробиркаға арнайы ерітіндімен араластырылады, содан кейін қоспаның аз мөлшері екінші таза пробиркаға ауыстырылып, оған қағаз сынақ жолағы түсіріледі, - деп түсіндірді Сұлтанқұлов.
Жоба Nazarbayev University әлеуметтік даму корпоративтік қорының, Astana Business Campus, Жас ғалымдар альянсының бастапқы қаржыландыруының, сондай-ақ Ұлттық биотехнология орталығы (ҰБО) мен ҚазҰАУ жанындағы Халықаралық вакцинология орталығының ынтымақтастығы арқасында жүзеге асырылған.
Ондаған мың сынақ жолақтарына арналған компоненттерді шығару үшін бір зертхана жеткілікті. Бұл дамушы елдер үшін ең аз шығынмен жоғары технологиялық және өзекті фармөндірісті жолға қою мүмкіндігі. Сонымен қатар, нанодене – бұл иммунотерапияның болашағы саналады. Мен Қазақстанның осындай өнімді өңірдегі алғашқы өндіруші ел болғанын қалаймын, - дейді ғалым.
Қазір ғалымға клиникалық үлгілерде сынақтарды бастау үшін Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауы қажет. Болат пилоттық өндірісті іске қосуды жоспарлап отыр.Айта кетейік, Болат Сұлтанқұлов Назарбаев университетінде PhD дәрежесін қорғаған жасуша бағытында жұмыс істеп жүрген биолог, Ұлыбританиядағы Ноттингем университетінің түлегі. Болат 10 жыл бойы Қазақстанда технологиялық биостартаптарды жасап келеді және Founder Institute бизнес-инкубаторының негізін қалаушылардың бірі. 2020 жылдың наурыз айынан бастап Сұлтанқұлов коронавирусты тез және арзан диагностикалау мақсатында тест жүйесін құру бағытында жұмыс істеп келеді.