Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Маусым айынан бері Қазақстанның ауқымды бөлігінде тараған құрғақшылыққа жауап қайтару үшін Еуропалық Одақ гуманитарлық көмек ретінде 200 000 еуро (100 млн теңге) көлемінде қаражат бөледі.
Көмек Маңғыстау мен Түркістан облыстарының аса зардап шеккен аудандарының шамамен 6 000 тұрғындарына көрсетіледі.
Еуроодақтың бұл қаржылық көмегіне Қазақстанның Қызыл Жарты Ай қоғамы келесі шаралар арқылы қолдау көрсетеді:
- құрғақшылық кесірінен табыс көзінен айырылған жағдайда шұғыл көмек ретінде;
- азық-түлікке тапшы болған адамдарға олардың күнделікті қажеттіліктерін қанағаттандыратын қаржылық көмекті үйлестіру;
- сондай-ақ ыстық өту мен өрт қауіпсіздігі сияқты құрғақшылық пен өте жоғары температураның салдарынан туындайтын адам денсаулығына қатысты қауіп-қатерлер кезінде.
Аталған қаржылық көмек Еуропалық Одақтың Қызыл Крест және Қызыл Жарты Ай Халықаралық Қоғамдар Федерацияларының (IFRC) табиғи апат жағдайында Төтенше Көмек қорына (DREF) қосқан үлесінің бір бөлігі болып табылады.
Еске салсақ, шілде айының басынан бастап Қазақстанның батыс және оңтүстік аймақтары қатты ыстыққа ұшырап, көптеген ауданда жаппай құрғақшылық туындады. Құрғақшылық кезеңі табиғи су айдындарының тартылуы мен жерлердің құрғауына әкеліп соқты. Бұл жайылымдық жерлердегі мал азығы мен су тапшылығына себеп болды. Салдарынан елдегі көпшіліктің басты табыс көзіне айналған мал қырылды. Бүгінгі күні 70 мыңнан астам адам зардап шекті. Олардың көпшілігі тек малмен күнелтіп отырған шағын шаруашылықтар.
Белгілі болғандай, зардап шеккендердің 84 пайыздан астамы Маңғыстау облысының тұрғындары.
Естеріңізде болса, бұған дейін Маңғыстау облысында қуаңшылықтан болып мал қырылып жатқаны туралы жазғанбыз. Сонымен қатар бұған дейін Арал ауданында қуаңшылықтың кесірінен мал қырылып жатқаны да хабарланды. Биылғы қыс қарсыз болып, халықтың әдеттегі көктемгі жаңбырдан үміті ақталмады. Көктемнің соңында болған құрғақшылық шаруаларды әбден әбігерге салғаны анық. Жыл басынан бері ауданда 569 мал өлімі тіркелген. Негізінен олар жылқы мен ірі қара.