Қазақстанда жария лауазымды тұлғалар арнайы тексеруден өтеді

4 Қараша 2021, 10:55
1439
Бөлісу:
Қазақстанда жария лауазымды тұлғалар арнайы тексеруден өтеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенаттың жалпы отырысында елде ұлттық мемлекеттік қызметкерлерге қатысты қосымша қаржылық тексеру шараларын енгізу жоспарланып отырғаны айтылды. Бұл туралы Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Ольга Перепечина айтты.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы қаралды.

Сенатор заң жобасының негізгі аспектілерін түсіндіріп өтті.

Ұлттық мемлекеттік лауазымды тұлғалар институтын кезең-кезеңімен енгізу, ақшамен және өзге де мүлікпен жасалатын операцияларға заңнамалық деңгейде бақылау орнату үшін «жария лауазымды тұлғалар» ұғымын бекіту ұсынылады. Бұл тұлғалардың тізімін Президент бекітеді, ал қаржы мониторингі агенттігі мемлекеттік лауазымды тұлғалардың, олардың жұбайлары мен жақын туыстарының тізімін жүргізеді, – деді Ольга Перепечина.

Яғни қаржылық мониторинг субъектілерінен тиісті қызметтерді алу кезінде тәуекелдің жоғары деңгейі белгіленген мемлекеттік лауазымды тұлғаларға, олардың жұбайларына және жақын туыстарына қосымша тиісті тексеру шаралары қолданылады.

Өкілеттіктері тоқтатылған жағдайда, осы тұлғаларға ақшамен және өзге мүлікпен операцияларды жүзеге асыру кезінде 12 ай ішінде тиісті тексеру шаралары қолданылады. Мониторингтің бұл түрі де сыбайлас жемқорлықпен күресте қосымша құрал болады, – деп айтты депутат Сенатта.
Өзгелердің жаңалығы