Қазақстанда жалған білім мен дипломға сұраныс бар

13 Қазан 2020, 15:54
3014
Бөлісу:
Қазақстанда жалған білім мен дипломға сұраныс бар

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанда жалған диплом мен білімге сұраныс бар. Бұл туралы «Желмая» интернет жобасының осы шығарылымының қонағы Кембридж университетінің түлегі, білім саласының эксперті Нұрмұхаммед Досыбаев айтты.

Оның айтуынша, университеттер мемлекеттің ықпалымен емес, нарықта сұранысқа ие болмағандықтан жабылуы тиіс. 

Ал біздің елдегі тенденцияға қарағанда, керісінше, сапасыз білім, ертеңгі күні нан тауып жеуге жарамсыз жалған диплом беретін оқу орындарына деген сұраныс болған. Мұны қазір аккредитациядан өте алмай, еріксіз жабылып жатқан оқу орындарының осы күнге дейін қаржылық қиындық көрмей, күн көріп келгенінен-ақ білуге болады. Олар соншалықты сапасыз болса, студенттер тарапынан сұраныс болмай, өздігінен жабылып қалуы керек еді. Бірақ олай болмады. Неге? Осы сұраққа жауап іздеп жатқан ешкім жоқ, - деді ол.

Оның пікірінше, университеттерді жекеменшік немесе мемлекеттік деп бөлген дұрыс емес. Жоғары оқу орындары ең алдымен сұранысқа ие сапалы маман даярлану, олардың жұмысқа орналасу деңгейі бойынша бағаланып, бөлінуі тиіс. 

Өкінішке қарай, біздің университеттер заман талабына, нарықтың сұранысына жауап беруге үлгермей жатыр. Түлектердің көбінің жұмысқа орналаса алмауының бірден бір себебі осы. Заман тез өзгеріп, бағдарламалар да онымен бірге алмасуда. Бұл жағынан алғанда мемлекеттік оқу орындары қайта шабан ба деп ойлаймын. Өйткені көбінің тұрақты қаржыландыру көзі, жұмысы бар, студенттер онсыз-ақ келеді дегендей. Ал жекеменшіктер, керісінше, студент тарту үшін жанталасып, ілесуге тырысуы мүмкін, - дейді ол.

Өзгелердің жаңалығы