Қазақстанда туризм бойынша онлайн академия ашылады

26 Қараша 2020, 14:01
2838
Бөлісу:
Қазақстанда туризм бойынша онлайн академия ашылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.  Ішкі туризмді дамыту мақсатында «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы саланың осы түрін таңдаған кәсіпкерлерге белсенді қолдау көрсетуде. Нарықты талдай келе, ондағы көкейтесті мәселелерді айқындап, жаңа жобаға кірісіп отыр. Бұл – турбизнес субъектілері  тәжірибе алмасып, ақпарат және білім алатын виртуалды алаң - Қазақстан туризмінің онлайн академиясы. 

Жобаның мақсаты – сала мамандарының тәжірибесін біріктіріп, барлық стейкхолдерлерге Қазақстандағы туризмді дамытуға бағытталған күнделікті жұмыстарына қажет болатын өзекті ақпарат пен білім көзіне бірдей қол жеткізу мүмкіндігін беру, әрі кез келген уақытта білімдерін жетілдіріп, кәсіби біліктілігін арттыруға жағдай жасау, - делінген хабарламада. 

Заман талабына сай жаңа форматта ұйымдастырылып отырған онлайн академия COVID-19 пандемиясы жағдайындағы адам санын шектеу мәселесін шешіп, тыңдаушыларға кәсіби оқудың қауіпсіз түрін ұсынып отыр. 

Онлайн форматта ішкі туризм академиясын құру – жаңа  уақыт талабы ғана емес, туристік нарықты кәсіби бастамада толығымен біріктіріп, әріптестерімізге туризмнің ардагерлері мен білікті тренерлерінің білімдері мен тәжірибелерін ұсыну алаңы. Бұл жобаны бастаған кезімізде ең алдымен әлемдегі және елдегі орын тауып отырған эпидемиалогиялық жағдайды ескердік. COVID-19 бір жағынан халықаралық туризмді шектесе, екінші жағынан ішкі туризмді дамытуға жол ашты. Өйткені қазақстандықтар  өз елінің әсем жерлері жайлы ақпарат іздеп, ішкі туризмге қызығушылық таныта бастады. Ал бұл аталмыш сала үшін дамудың жаңа мүмкіндіктерін ашып отыр. Осы ретте біз Онлайн академияның ішкі туризмді дамытудағы және де жалпы туризм бизнесін жаңғыртудағы керемет мүмкіндік екеніне сенім артамыз, – дейді «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясының Басқарма төрағасы Ержан Еркінбаев.  

Қазақстан туристік қауымдастық (ҚТА) директоры Рашида Шәйкенова онлайн академия саланың жаңалықтарын білуге жәрдемдесетінін айтты.

Қазақстан туристік қауымдастығы Қазақстан туризмінің онлайн академиясының ашылуын қуана қолдайды. Өйткені қазіргі күрделі жағдай талабында бұл – интелектуалды деңгейді дамытудың, білім алудың тамаша мүмкіндігі. Онлайн академия саланың жаңалықтарын білуге, бүгінгі  күн трендтерінен хабардар болуға, жаңа талапқа сай өз бизнесіңді қалай дамыту керек екенін түсінуге, әрі біліктілікті шыңдауға көмектеседі. Қазақстан туризмінің онлайн академиясы аясында өткізілетін онлайн семинарлар арқасында кәсіпкерлер сала бойынша білімдерін тереңдете түседі, әрі біліктіліктерін арттырады, – дейді Қазақстан туристік қауымдастық (ҚТА) директоры Рашида Шәйкенова. 

Әр курс үй тапсырмасы бар 5-6 модульден тұрады. Оқылған материал бойынша тыңдаушыларға қосымша әдебиеттер жинақталған электронды кітапхана ұсынылады. 

Академия курстары туризм бизнесінің өкілдеріне және болашақта жұмыс істеуге ынталы жас мамандарға кәсіби деңгейлерін дамытып, өрістерін кеңейтуге, тәжірибе жинастыруға және әріптестерімен байланыс орнатуға мүмкіндік береді.


Өзгелердің жаңалығы