Қазақстанда «Таза табиғат» экологиялық жобасы басталды

21 Наурыз 2021, 15:28
2575
Бөлісу:
Қазақстанда «Таза табиғат» экологиялық жобасы басталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанда наурыз мерекесі қарсаңында «Таза табиғат» экологиялық жобасы басталды. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі және облыстық әкімдіктердің бірлескен шарасында бірнеше аймақта ағаш отырғызу, айналаны қоқыстан тазарту, су көздерін ашу акциялары өтті. Жалпыұлттық жоба Түркістан қаласында бастау алып, Жамбыл , Маңғыстау, Қызылорда облыстары мен Шымкент қаласында жалғасты.

 Осылайша Президенттің орман алқаптарында 2 млрд, елді мекендерде 15 млн ағаш отырғызу туралы тапсырмасын орындауға старт берілді. «Мекенім – жасыл елім» акциясына 60 мың адам ат салысып, 486 мың түп ағаш отырғызылды. Оқушылардың «Менің ағашым» челленджіне 31 мың адам қатысып, 39 мың көшет егілді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында қоршаған орта ахуалын жақсарту бағытында тапсырмалар берді. Жалпыұлттық экологиялық шаралар Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасында, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында да қарастырылған.  Өзге өңірлерде де осындай шаралар ауа райына байланысты сәуірде өтеді, - деді министр Түркістандағы шарадағы сөзінде. 

Министр жұмыс сапарымен келген Түркістандағы акция аясында қала іргесінде құрылып жатқан Жасыл белдеуге көп жылдық ағаш көшеттері егілді.

Облысымыз бойынша 3 млн 131 мың га орман қоры жерлері бар, оның ішінде орманмен көмкерілген алқабы 1 млн 630 мың гектарды құрайды. Түркістан іргесіндегі Жасыл белдеу аумағын келер жылға дейін тағы 3000 гектарға кеңейтіп, толық аяқтау жоспары бар. Ал орман тұқымбақтарын дамыту үшін онда әр жылы 35,0-40,0 млн. әр-түрлі ағаш көшеттерін өсіреміз,  - деп атап өтті облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев. 

Түркістан облысы әкімдігі мен министрлік бірлесе қабылдаған кешенді жоспарға сәйкес, 2025 жылға дейін өңір аумағында жалпы аумағы 110210 гектарға 170000,0 түп көшет егілмек.

Шара барысында ардагерлердің, отандық және Түркістан халықаралық медиафорумына жиналған түркітілдес елдер БАҚ өкілдерінің қатысуымен  Қожа Ахмет Яссауи кесенесі маңындағы Ботаникалық баққа да ағаш отырғызылды. Жаңа әуежай жолындағы жеміс бауына өрік егілді.  Саябақтар, аллеялар абаттандырылып, сенбілік ұйымдастырылды.

Мағзұм Мырзағаиев «Таза табиғат» акциясының наурыз мерекесінде, Түркістанда өткізілуінің  ерекше мәні бар екенін және жобаны дәстүрге айналдыру қажеттігін айтты.

Түркі әлемінің бесігі болған киелі мекеннің гүлденуі ел абыройын арттырады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен көркейіп жатқан қалаға келген қонақтардың көзі алдымен айналаның тазалығы мен жасыл желекке түседі. Біз Наурыз мейрамын айналаны көгалдандыру мен тазартудан бастауды дәстүрге айналдыруымыз керек. Мұндай акциялар халықтың экологиялық мәдениетін, табиғатқа жанашырлықты арттырады. Қазақстанда экология проблемаларына бейжай қарамайтын, осындай шараларға белсенді қатысатын азаматтар санының көбеюі бәрімізді қуантады, - деді министр. 

«Таза табиғат» жобасы шеңберінде жоғарыда аталған барлық өңірде қоқыстан тазарту мақсатындағы «Бірге – Таза Қазақстан» жобасы жалғасын тапты. «Таза су айдындары» акциясы аясында өзен-көлдер жағасы тазартылып, бұлақ көздері, суармалы су арналады аршылды.  Ұлттық парктер мен басқа да табиғи аумақтарда «Парктер шеруі» өтті.

Еске салайық, кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев наурыз мейрамымен құттықтауында «Таза табиғат жобасының маңызын атап өткен болатын.

 

Наурыздың тағы бір белгісі – ұқыптылық пен тазалық. Қазақ – табиғатқа етене жақын халық. Ұлыстың Ұлы күні бұлақтың көзін ашып, ағаш егу, қоршаған ортаны таза ұстау – ертеден жалғасып келе жатқан дәстүріміз. Біз қолға алған «Таза табиғат» жобасының негізгі мақсаты – сол игі шараны жалғастыру,- деді Президент.




 

Өзгелердің жаңалығы