Алматы, BAQ.KZ. Алматы облысы Есік қаласында «Үміт бесігі» атты тастанды балаларға арналған арнайы орын пайда болды.
Соңғы уақытта балаларын ажал құшағына қалдырып жатқан жантүршігерлік жағдайлардың көптеп болып жатқанына куә болып жүрміз, жаңа туған нәрестесін далада, құрылыс алаңдарында тастап кеткен, тіпті әжетханаға лақтырған аналар неге осы жолға барды, неге елімізде мұндай жағдайлар көбейіп кетті? Балалардың өмір сүруіне мүмкіндік беруге болмай ма, не өмірдің тауқыметін көтере алмай, осындай қадамға барған анаға баласының өмірін құтқару мүмкіндігін бере аламыз ба?
Осындай көкейкесті мәселенің шешімін табу үшін «Alem Asar» Әйелдер шығармашылық бастама Лигасы, «Aspan Space» қайырымдылық қоры «Үміт бесігі» атты әлеуметтік жобаны жүзеге асыру қажеттілігін ұсынды.
«Үміт бесігі» — ананың өз баласын өлтіруі мен өмірін қауіпке төндіру сияқты аса ауыр қылмыстың алдын алу. «Үміт бесігі» әлеуметтік жобасы туғанынан ата-анасы бас тарқан сәбидің өмірін құтқаруға бағытталған, заман талабына сай туындаған шешім. «Үміт бесігі» әлеуметтік жобасының авторлары тастанды сәбилерді балаларға арналған медициналық мекемелер жанына ашу қажеттілігін, сәби өмірі мен денсаулығына қауіп төнген кезден бастап дер кезінде медициналық көмек көрсетілуі қажеттілігін, ары қарай мемлекеттік органдар қамқорлығына берілуі керектігін ескерген. Сондықтан «Үміт бесігі» әлеуметтік жобасының ең алғашқы пункті Еңбекшіқазақ ауданаралық көпсалалы ауруханасында 2020 жылдың 21 желтоқсанында салтанатты түрде ашылды.
Бізге ең маңыздысы – осы өзекті мәселеге қоғам назарын аудару. Әрбір құтқарылған сәби өмірі – біз үшін жеңіс, еңбегіміздің жемісі. Егер «Үміт бесігіне» сәби қалдырылмаса – ол біз үшін қуаныш, алдын алу шараларының жүзеге асырылғандығы, - дейді жоба ұйымдастырушылары.
«Үміт бесігі» әлеуметтік жобасының ең маңызды басымдығы құпиялықтың сақталуы. Бұл өте маңызды, себебі ана өз сәбиіне қол жұмсауға, өмірін қиюға ешкім білмеу үшін қорқыныш пен ұят салдарынан баратын көрінеді.
Орталыққа келіп түскен сәбиді басқа отбасы асырап алғанға дейін ата-ана өзіне қайтара алады, ал далаға немесе қоқысқа лақтырған сәбиді қалай құтқара аласың? Егер перзентханада сәбиден бас тартып, құжаттар толтырса, ал баласын ажал құшағына қиятын аналар көбіне перзентханада босанбайды, олар үйінде немесе басқа да өзіне ыңғайлы жасырын жерде босанады, бұл жерде қылмыс жасаудың қажеті жоқ, тек бас тартқан сәбиін «Үміт бесігі» қорғаныс орнына қалтыра алады, - дейді «Ана Үйі» Қоғамдық қорының үйлестірушісі Аминат Жаппуева.
«Үміт бесігінде» балаларды арнайы жатқызып қоятын ыңғайлы орын болады, ары қарай сәби тікелей дәрігер бақылауында алынады.
Мұндай орын алғаш рет Германияда пайда болған екен. Қазіргі таңда осындай пункттер Италия, Швейцария, Латвия, Чехия, Жапония сияқты елдерде енгізілген. 2011 жылдан бастап Ресей Федерациясында да осындай орындар қойылған. Осындай алдын алу шараларын ескерген елдерде қаншама сәби өмірі құтқарылып, игілікті іс жүзеге асырылды. Мысалға, соңғы жылдары Ресейде 115 бала өмірі арашаланып, оның 15 отбасына қайтып оралған, Словакияда тек қана 2004 жылы ғана жиырмаға жуық сәби, ОАР 10 жыл көлемінде 96 сәби тағдыры ажал құшағынан аман қалса, неміс елінің тек қана Гамбург қаласында 2010 жылы 38 сәбиді құтқарған.