Қазақстанда өсімдік шаруашылығын дамытатын шаралар қолға алынды

3 Желтоқсан 2021, 11:37
1394
Бөлісу:
Қазақстанда өсімдік шаруашылығын дамытатын шаралар қолға алынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенатта өткен парламенттік тыңдауда Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев өсімдік шаруашылығын дамыту үшін қолға алынып отырған шаралар туралы баяндап берді.

Өсімдік шаруашылығында, ең алдымен, нақты әртараптандыруды жүзеге асырып, өндіріске ғылыми негізделген ауыспалы егістікті, заманауи ресурс үнемдейтін технологияларды енгізуді басты мақсат ретінде анықтадық. Сондай-ақ техникалық жарақтану деңгейін арттырып, тұқым шаруашылығын дамытып, осылардың негізінде саланың тұрақты дамуына жағдай тығызамыз, – деді министр.

Қарашөкеевтің айтуынша, ол үшін бірінші кезекте жер пайдалану процестерін бақылаудың заманауи әдістемелерін әзірлеп, қолданысқа енгізу керек. Бұл жерде министрлік ғарыштық мониторинг, Жерді қашықтан зондтау мүмкіндігін және топырақтың агрохимиялық құрамын айқындаудың алдыңғы қатарлы әдістерін толығымен пайдалану мақсатында егістіктер мен жайылымдардағы өсімдіктердің түрлік құрамын айқындаудың әдістемелерін арнайы ғылыми бағдарламасы аясында жүзеге асыруды қолға алды.

Жоспарымыз бойынша оны 2024 жылдан бастап өндіріске енгізуді қамтамасыз етеміз. Сонымен қатар республикалық агрохимия қызметінің жұмысын жетілдіруге қажетті қаржы бөлуді жоспарлап отырмыз. Топырақтың агрохимиялық құрамы туралы ақпараттың дәлдігін арттыру үшін сынаманы іріктеу әдісі өзгертіліп жатыр. Енді топырақ сынамасы бүгінгі 75 гектардың орнына әрбір 20 гектардан алынады, – дейді Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев.

Бұдан басқа, жер инспекциясы қызметін нығайту, оның бірыңғай вертикалын құру және оның аясында топырақтың құнарлылығын бақылау жөніндегі бытыраңқы құрылымдардың мүмкіндіктерін біріктіру есебінен құрылымдық сипаттағы шаралар қабылданады.

Сонымен қатар тұқым шаруашылығы жүйесін тәртіпке келтіру жұмыстарын бастадық. Оның ішінде ғылыми ұйымдарды селекцияның заманауи әдістеріне көшіру мен Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының ғылыми және тәжірибелі шаруашылықтары негізінде тұқым шаруашылықтарының үйлесімді жүйесін құруды атап айтуға болады. Сол сияқты тұқымдарды бақылаудың цифрлық жүйесін әзірлеу жүргізілуде, бұл бүкіл ел бойынша тұқым материалдарының қозғалысына қатаң бақылау орнатуға мүмкіндік береді, – деп айтты министр Сенатта.

Ол баяндағандай, қабылданған шаралар өсімдік шаруашылығындағы ахуалды өзгертіп, оның даму тұрақтылығын және де бәсекеге қабілеттілігін арттыруда нақты нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Өзгелердің жаңалығы