Қазақстанда Lada қымбаттады

17 Ақпан 2021, 08:46
1812
Бөлісу:
Қазақстанда Lada қымбаттады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өткен жылы Lada-ның Қазақстандағы ресми дилері науқан өткізіп, Lada Granta мен 4×4-ті арзан сатқан еді. 2021 жылы ресей көліктері анағұрлым қымбаттады, деп жазады kolesa.kz.

Classic (21901-567-А1) жиынтығындағы базалық Lada Granta 2020 жылғы желтоқсанда 3 690 000 теңгеден саудаланса, биыл ақпан ортасында 4 150 000 теңгеге сатылып жатыр. Ал автомат қорабы бар Comfort (21902-544-A1) қазір 4 950 000 тұрады, яғни бағасы 605 мың теңгеге өскен. Айта кетерлігі, биыл тұтынушыға небәрі үш нұсқа ұсынылады, шанақ түрі де аз. Универсал мен хетчбэк сатылымда жоқ.

Басқа модельдер де арзан емес. Мысалы, Classic Start (GFL11-C29-50) жиынтығындағы Lada Vesta седаны бір ай бұрын 5 050 000 теңге тұратын, қазір оны алам десеңіз 5 250 000 теңге санап бересіз. Автомат қорабы бар нұсқасын алатындар 6 200 000 теңге жұмсайды. 

Ал қазір Niva Legend деп аталатын Lada 4×4 құны өзгермепті. Ол үшін 4 650 000 теңге сұралуда. Тек атауында Black қосымшасы бар жаңа нұсқасы пайда болды. Оның бағасы – 5 050 000 теңге.

Бағаның бұлай құбылуына АВТОВАЗдың өнім құнын жиі-жиі қайта қарауы мен машиналардың Тольятти мен Ижевскіден тікелей жеткізілуі әсер етіп отыр. Еске сала кетсек, Lada көліктерін құрастыратын Өскемендегі «Азия Авто» 2020 жылы қарашада жұмысын тоқтатқан.

Өзгелердің жаңалығы