Қазақстанда көмір тұтыну көлемі 3 млн тоннаға жуық азаяды

10 Тамыз 2021, 12:32
5691
Бөлісу:
Қазақстанда көмір тұтыну көлемі 3 млн тоннаға жуық азаяды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.  ИИДМ жасаған алдағы жылыту маусымына қажеттілік жоспарына сәйкес, алдағы қыста елімізде көмірді тұтыну көлемі 10 млн тоннадан 7,3 млн тоннаға дейін төмендейді.

Негізгі себеп елді мекендерге газ тарту көлемінің ұлғаюы. Нәтижесінде көмірді тұтыну 4,8 млн тоннаға дейін төмендейді (өткен қыстың көрсеткіші - 7,2 млн тонна).

Алдын ала мәлімет бойынша, биылғы бірінші жартыжылдықта коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерге және тұрғындарға 3,4 млн тонна көмір тиелді. Энергия өндіруші кәсіпорындарға 31,3 млн тонна, өнеркәсіптік кәсіпорындардың қажеттіліктеріне 2,9 млн тонна жөнелтілді. 14,5 млн тонна экспортқа кетті.

ШҚО, СҚО және Алматы қаласын қоспағанда, барлық өңірлер 2021-2022 жылғы жылу беру кезеңінде көмір өніміне деген қажеттіліктерін растап, жаңа маусымға дайындықты бастап кетті. Көмір сатып алуға тендерлер жарияланып, өңірлік операторлар айқындалды.

ҚР ИИДМ-де облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктерімен кеңейтілген кеңес өтті. Онда өңірлік билікке халыққа көмір бағасы мен маркаларын, сатылатын жерлер мен оларда көмірдің бар-жоғын түсіндіріп, тиісті ақпарат беріп отыру үшін арнайы «жедел желі» құру, көмірдің жеткізілімі мен сапасына қатысты тұрақты мониторинг жүргізу ұсынылды. Ал көмір бағасының заңсыз өсуі жағдайында монополияға қарсы ведомствоның аумақтық бөлімшелерін белсенді түрде тарту қажет.

Отандық көмір өндіруші компаниялар 2021 жылғы қаңтар-шілде айларында барлығы 59,7 млн.тонна көмір (көмір концентратын қоспағанда) немесе өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 98,9% өндірді.


Көмірді негізінен төрт көмір өндіруші компания жеткізеді. Олардың нарықтық үлесі жеткізудің жалпы көлемінің 89%-на тең. Атап айтқанда, «Шұбаркөл Көмір» АҚ үлесі 28%, «Қаражыра» АҚ үлесі 25%, «Майкубен-Вест» ЖШС үлесі 25%, «Богатырь Көмір» ЖШС үлесі 11%.
Өзгелердің жаңалығы