Қазақстанда балық өсіруді 270 мың тоннаға дейін көбейту жоспарланып отыр

28 Маусым 2021, 17:32
3173
Бөлісу:
Қазақстанда балық өсіруді 270 мың тоннаға дейін көбейту жоспарланып отыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Нариман Жүнісов балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы туралы айтты.

Мемлекет басшысы былтырғы жылғы қыркүйектегі жолдауында балық шаруашылығына ерекше мән беру керектігін атап өтті. Осыған орай балық шаруашылығын дамыту мәселелері Үкіметтік деңгейде бірнеше рет қаралды. Осыған байланысты балық шаруашылығын 2030 жылға дейін дамыту бағдарламасы бекітілді. Бағдарламада 2020 жылы өсірілетін балықтың көлемін 9 мың тоннадан 2030 жылға қарай 270 мың тоннаға дейін арттыру міндеті қойылды. Өсіру көлемін ұлғайту балық өсіруге жарамды су айдындарын пайдалану, сондай-ақ жаңа инвестициялық индустриялық балық өсіру жобаларын іске асыру және жұмыс істеп тұрған шаруашылықтарды жобалық қуатына дейін жеткізу есебінен жоспарланып отыр, - дейді Нариман Жүнісов.

Оның айтуынша, 2030 жылға дейін 1283 жаңа балық өсіру шаруашылығы құрылады және жұмыс істеп тұрған 288 шаруашылықтағы өсіру көлемі ұлғайтылады.

Жобалар әр өңірдің ерекшеліктеріне қарай бөлінді және жергілікті атқарушы органдар бекіткен балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламаларында көрсетілді. Қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін 10 жыл ішінде 340 млрд теңге жеке инвестициялар тарту және мемлекеттік бюджеттен шамамен 200 млрд теңге бөлу көзделіп отыр. 2021 жылы жұмыс істеп тұрған балық өсіру шаруашылықтары есебінен 12,8 мың тонна балық өсіру жоспарланған. Жыл басынан бері 7,6 мың тонна тауарлы балық өсірілді, - дейді комитет басшысы.

Өзгелердің жаңалығы