Қазақстанда әрбір бесінші ауылдың мектебі күрделі жөндеуді қажет етеді

23 Қазан 2020, 11:14
1903
Бөлісу:
Қазақстанда әрбір бесінші ауылдың мектебі күрделі жөндеуді қажет етеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Сенаттағы Үкімет сағатында ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов ауылдық жерлердің жай-күйін баяндады.

2018 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында Елбасы ауылдық аумақтардың әлеуметтік ортасын жаңғырту бойынша міндет қойды.

Бүгінгі күнде республикада 6 322 ауыл бар, онда 7,7 миллион адам немесе ел халқының 41% тұрады. Соңғы 10 жылда ауыл тұрғындарының саны 310 мың адамға көбейді, ал қала тұрғындарының саны 2 милионнан асты. Урбанизация процестеріне байланысты ауыл тұрғындарының үлесі соңғы жылдары азаюда, - дейді Руслан Дәленов.

Оның айтуынша, республикадағы секілді ауылдық жерде де негізгі көрсеткіштер өсуде.

Мәселен, соңғы 5 жыл ішінде ауыл шаруашылығының жалпы қосылған құны 55%-ға өсіп, 5,1 трлн теңгені құрады. Негізгі капиталға инвестициялар 2,4 есе өсті, орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету 64%-ға жетті.
Ауылда шешуді қажет ететін негізгі мәселелер - ауыл экономикасы мен кірісін арттыру, ауыл инфрақұрылымын жаңарту арқылы өмір сүру сапасын жақсарту. Олардың қатарында жолдарды сапалы жөндеу, дәрігерлік амбулаторияларды, мектептер мен балабақшаларды салу және интернеттің қол жетімділігін арттыру, кадрларды ауылдарға тарту, - дейді министр.

Осыған байланысты министрлік ауылдық жердің қажеттіліктеріне талдау жүргізген.

Біздің талдау көрсеткендей, әрбір бесінші ауылда (21%, немесе 1361 АЕМ) мектептер мен балабақшаларды, ал әрбір үшіншісінде (33%, немесе 2073 АЕМ) - ауруханалар, дәрігерлік амбулаториялар, фельдшерлік-акушерлік пункттерді (ФАП) жөндеу қажет. 2 мыңнан астам ауылды (36%) сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету қажет. Одан бөлек шамамен 30 мың шақырым жергілікті жолдар жөнделуі тиіс, - дейді Дәленов.
Өзгелердің жаңалығы