​​Қазақстанда 119 су каналы цифрландырудан өтеді

24 Желтоқсан 2020, 11:20
1964
Бөлісу:
​​Қазақстанда 119 су каналы цифрландырудан өтеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі су саласының өкілдері «Атамекен» телеарнасының тікелей эфирінде су тапшылығын азайтуға бағытталған шараларды талқылады.

Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Тelegram парақшасында жариялады.

Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары Сембай Сейсенов суды көп қажет ететін дақылдар егістігін азайту керектігін алға тартты.

Қазақстанда суармалы жерлерге қажетті судың көп бөлігі трансшекаралық өзендерге байланысты. Жыл сайын көршілес елдерден келетін сулардың азаюына байланысты мемлекеттік бағдарламалар аясында жүйелі жұмыс атқаруымыз керек. Жергілікті атқарушы органдар күріш егетін шаруаларға су тапшылығы мәселесін түсіндіруі керек. Су тапшылығын болдырмау мақсатында күріш егісін 29 мың гектарға, атап айтқанда Қызылорда облысында - 15 мың , Алматы облысында 10 мың , Түркістан облысында 4 мың гектарға азайту қажеттілігі туып тұр. Басқа дақылдарды егуге көшу қажет. Бұл бір куб километр суды үнемдеуге мүмкіндік береді,- деді ол. 
«Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Қызылорда филиалы директорының орынбасары Жорабек Ерназаров өңірде егістікке арналған 178 мың гектар жердің 159 мың гектарын күріш алқаптары алып жатқанын айтады. Оның сөзінше, облыста тиісті шаралар жедел атқарылмаса, су проблемасы жыл өткен сайын күрделене береді.
Өткен жылы 89 мың 500 гектарға күріш егілген. Биыл соны 84 мың 400 гектарға азайтуды жоспарлап отырмыз. Меморандум бойынша 75 мың гектарға дейін қысқару керек еді. Сонымен қатар су тапшылығының алдын алу мақсатында жаңбырлатып суару, тамшылатып суару мәселелерін қолға алып жатырмыз. Жаңбырлату әдісімен 67 мың гектарға жүгері, 10 мың гектарға жоңышқа, тамшылату әдісімен 3 мың гектарға қызанақ егу жоспары бар,- деді ол.

«Қазсушар» РМК Жамбыл филиалының директоры Қазыбек Бедебаев облыста тамшылатып суару әдісіндегі егістіктер алқабын биылғы 20 мың гектардан 50 мың гектарға жеткізу жоспарланып жатқанын жеткізді.

Эфир барысында Су ресурстары комитетінің төрағасы аталған шаралардан бөлек елдегі 119 су магистарльдік каналдарын қайта жөндеуден өткізіп, цифрландыру технологиясын енгізу жоспары бар екенін де айтты

Еске салайық, соңғы үш жылда Қазақстанда су азайғанын, министр су тапшылығын болдырмау мақсатында күріш алқабын азайту қажет екенін айтқан болатын. Мамин су мәселелері қалай шешіліп жатқанын айтқан болатын.

Өзгелердің жаңалығы