Бағдарлама әзірледік. Мамин су мәселелері қалай шешіліп жатқанын айтты

22 Желтоқсан 2020, 10:31
1218
Бөлісу:
Бағдарлама әзірледік. Мамин су мәселелері қалай шешіліп жатқанын айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үкімет басшысы Асқар Мамин трансшекаралық өзендерді пайдалану қалай шешіліп жатқанын айтты.

Қазақстанда су тұтынудың 65 пайызы ауыл шаруашылығына тиесілі. Елдегі жер бетіндегі судың жартысына жуығы көрші елдердің аумағынан келеді.Трансшекаралық өзендерді пайдалану бойынша өзара қатынастардың негізгі мәселелері үкіметаралық келісімдер аясында реттелген. Осы желтоқсанда Жайық пен Ертіс шекарааралық өзендер экожүйесін сақтау және қалпына келтіру бойынша Қазақстан-Ресей ынтымақтастығы бағдарламалары қабылданды. Бағдарламаларда су алмасуды жақсарту үшін су жіберу құрылыстарын реконструкциялау бойынша шаралар да көзделген,- дейді үкімет басшысы.

Ол сонымен қатар суды тиімді пайдаланудың маңызды мәселелері қарастырылғанын және су ресурстарын басқарудың мемлекеттік бағдарламасының жобасы әзірленгенін айтты. 

Онда су инфрақұрылымын салу, жаңғырту және жетілдіру, су үнемдеп суару технологияларын енгізу, суды есепке алу мен бөлуді цифрландыру қарастырылған. Бұл іс-шаралар су шығынын барынша азайтуға мүмкіндік береді.  Өз кезегінде әкімдер де гидротехникалық құрылыстарды реконструкциялау жұмыстарын қамтамасыз етуі тиіс. Магистральдық арналарға қазіргі заманғы су үнемдеу технологияларын енгізуді және суды есепке алуды цифрландыруды қамтамасыз ету қажет,- дейді Асқар Мамин.

Яғни Түркістан облысында іске асырылған магистральдық арнаны цифрландыру бойынша пилоттық жобаны су шаруашылығының барлық негізгі объектілеріне тарату керек деп отыр.

Сумен қамтамасыз етілудің төмендеп бара жатқанын ескеріп, су алудың қолданыстағы лимиті аясында су ресурстарын ұтымды пайдалануды қамтамасыз ету керек. Сонымен қатар, Қызылорда, Алматы және Түркістан облыстарында ылғалды көп қажет ететін дақыл – күріш, жоспардан артық егілген,- дейді ол.

Өзгелердің жаңалығы