Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанда бір апта ішінде 3 307 қылмыс жасалды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз айтты.
Бір апта ішінде 3 307 қылмыс жасалды, оның 2 207-сі тәулік ішінде ашылды. Полиция қызметкерлері «ізін суытпай» 11 кісі өлтіруді, 6 өлімге әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіруді, 34 қарақшылық пен тонауды және 511 бөтен мүлікті ұрлау қылмыстарын ашты, - дейді Нұрділдә Ораз.
Ол жұма күні ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында ішкі Істер министрінің халық алдында есеп бергенін айта кетті.
Ерлан Тұрғымбаев ведомствоның негізгі нәтижесі туралы айтты. Еліміздің әр аймағынан министрге қауіпсіздікті қамтамасыз ету және азаматтардың құқықтарын жергілікті қылмыстық қол сұғушылықтан қорғау проблемаларына қатысты әртүрлі сұрақтар қойылды. Сall-орталығы арқылы азаматтардан 70-тен астам сұрақтар келіп түсті. Кездесу соңында министр журналистермен кеңейтілген брифинг өткізді, - деп атап өтті ол.