«Қазақстан жастары» зерттеу нәтижелерінің таныстырылымы талқыланды

29 Наурыз 2021, 18:16
2319
Бөлісу:
«Қазақстан жастары» зерттеу нәтижелерінің таныстырылымы талқыланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының Алматы қаласындағы өкілдігінде ҚСЗИ директоры Зарема Шаукенова мен директордың орынбасары Санат Көшкімбаев Қазақстандағы Ф.Эберт атындағы қор өкілдігінің Алматыдағы офисінің басшысы Толғанай Үмбеталиевамен кездесті.

Қазақстандағы Фридрих Эберт атындағы қор ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ-дің бұрыннан келе жатқан серіктесі. Қормен бірлесіп бірқатар халықаралық ғылыми-практикалық конференция, оның ішінде Орталық Азиядағы қауіпсіздік жөніндегі ҚСЗИ жыл сайынғы конференциялар, сондай-ақ «Орталық Азиядағы су-энергетикалық мәселелер бойынша диалог: ұлттық арқылы жалпыөңірлік» II Орталық Азия сараптамалық форумы өткізілді.

Кездесу барысында ҚСЗИ басшылығы мен Қор өкілдігінің кеңсе басшысы алдағы күзде Нұр-Сұлтан қаласында өткізу жоспарланып отырған «Қазақстан жастары» зерттеу нәтижелерінің болашақ таныстырылымын талқылады.

«Орталық Азия жастары» зерттеуіне 2014 жылы Ф.Эберт атындағы қордың Қазақстандағы өкілдігі бастамашы болды. Далалық зерттеулерді «Қоғамдық пікір» институты жүргізді. 2019 жылы жобаны жалғастыру және зерттеудің екінші толқынын өткізу туралы шешім қабылданды. 

Екінші зерттеуді Қазақстанда 2020 жылғы қаңтардан наурызға дейін BISAM Central Asia жүзеге асырды. Жобаның ғылыми кеңесшісі ретінде Германияда жастарды зерттеу мәселелері бойынша танымал ғалым профессор Харринг (Prof. Harring) өзінің зерттеу тобымен бірге болды.

Таныстырылым аясында зерттеу нәтижелерін талқылаумен қатар, осы зерттеу негізінде жас қазақстандық ғалым-талдаушылар әзірлеген бірнеше тақырыптық талдамалық баяндама (Policy Paper) ұсынылатын болады: Жастар және еңбек нарығы; Жастар және көші-қон мәселелері; Жастар және білім; Жастар және дін, т.б.

ҚСЗИ директоры Қазақстандағы Ф.Эберт атындағы қор Өкілдігінің Алматыдағы офисінің басшысына және қор Өкілдігінің басшысы Кристоф Мор мырзаға көп жылғы жемісті ынтымақтастығы үшін алғыс айтып, қор Өкілдігінің қолдауымен жүргізілген жаңа зерттеудің нәтижелерін талқылауды бірлесіп ұйымдастыруға дайын екендігін білдірді, - делінген хабарламада.

Өзгелердің жаңалығы